Ару әйел –әлем сымбаты

Ару әйел –әлем сымбатыКеше мейірімділік пен сұлулықтың, даналық пен рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні, көктемнің шуақты мерекесі 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Арал ауданының ардақты аналары мен қыз-келіншектері ерекше құрметке бөленді.
Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Ару әйел – әлем сымбаты» атты мерекелік кеште алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі М.Оразбаев барша аналар мен әйелдер қауымын төл мерекесімен құттықтап:
- «Дана халқымыз нәзік жандыларын қастерлеп, шаңырақтың ұйтқысына балап, ынтымақ пен ырыстың алтын діңгегі деп білген. Сондықтан, Сіздердің ел дамуы жолындағы қосқан өлшеусіз ерен еңбектеріңізге зор ықыласпен ризашылығымды білдіріп, көктемнің шұғылалы мерекесімен құттықтаймын. Осынау мерейлі мереке өнегелі өмірлеріңіз бен биік көңілдеріңізге шырайлы шұғыласы мен шуақты шапағатын аша бергей! Дендеріңізге саулық, босағаларыңызға бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!»- деп, жүрекжарды лебізін жеткізді.
Онда әрі бірқатар еңбек ардагерлерін «Құрмет грамотасымен» және түрлі салада белсенділігімен көзге түскен нәзік жанды мамандарды арнайы алғыс хаттарымен марапаттады.
Айта кетейік, нәзік жандылардың құрметіне арналған мерекелік кеште эстрада жұлдыздары Жұбаныш Жексенұлы және Дәурен Сейітжанов әннен шашу шашып, аудан өнерпаздары өнерлерін ортаға салды.
Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі дерлік асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында өрбіп, әйелдер қауымын үлкен қуанышқа бөледі.
Ару әйел –әлем сымбаты
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 наурыз 2017 г. 604 0