
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұйымдастыруымен облысымызда РАНТ мүшесі Ризабек Батталұлы іс-сапармен болды. Іс-сапар барысында Р.Батталұлы облысқа қарасты аудан, қала, кент мешіттерінің имам-молдаларымен кездесіп, арнайы семинар-тренинг өткізді.
Семинар-тренингті орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Омаров Талғат Сейіткәрімұлы жүргізіп отырды. Ризабек Батталұлы негізінен имамдық қызметтің жүктейтін жүгі мен жауапкершілігі турасында насихат айтып, біршама кеңестер берді.
Ол сөзінде қазіргі заман имам-молдалары ғаламтор, ақпарат алмасу және байланыс құралдарын жете меңгеруі, шешендік өнер мен сөйлеу әдебін игеруі керектігі, әрбір уағызын тарихпен, салт-дәстүрмен сабақтастыра білуі, салиқалы шешендік сөздермен үйлестіруі қажеттігін баса айтты.
Ілімін жетілдіру мен тақуалықты күшейтудің маңызын да жеткізді. Жалпы, имамдардың біліктілігін арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.