Мамандықтар жіктеуіші туралы мәлімет шындыққа жанаспайды

Мамандықтар жіктеуіші туралы мәлімет шындыққа жанаспайды«Кейбір блогерлер мен басылым журналистері жариялаған жоғарғы білім мамандықтарының жіктеуіші бекітілгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», - деп мәлімдеді Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 
«Соңғы күндері әлеуметтік желілерде және БАҚ-та жоғарғы және ЖОО-дан кейінгі білім мамандықтарының жаңа жіктеуіші қабылданғаны туралы ақпарат жаппай тарап кетті. Ал министрлікте мұндай мәлімет жоқ. 2017 жылдың 1 ақпанынан бастап ешқандай жаңа жіктеуіш қолданысқа енген жоқ. Алдағы уақытта жаңа жіктеуішті өңдеу және қолданысқа енгізу туралы шешім қабылданған жағдайда да өзгерістің қазақ тілі мен әдебиетіне қатысы болмайтынын ресми түрде мәлімдейміз», - деді БҒМ өкілі. 
Вице-министр атап өткендей, бейінді ведомство белгіленген тәртіппен мұндай сипаттағы арандатушылықтың алдын алу бойынша тиісті шара қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінбек. 
Қазақстанда 2009 жылы қабылданған мамандықтар жіктеуіші қолданыста. «Жіктеуіш 2009 жылы Әділет министрлігінде тіркеуден өтіп, қабылданған. Онда қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, лингвистика, шығыстану сияқты мамандықтар қамтылған», - деді Э.Суханбердиева. 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 наурыз 2017 г. 747 0