
Назарбаев мектебі ұйымдастырған концертке 400-ге жуық ата-ана, мектеп ұстаздары мен оқушылары және облысымызға еңбегі сіңіп жүрген іскер әйелдер қауымынан қонақтар қатысты, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Концертті ашқан «Қыз ғұмыры» прологында қыз бала жолының жіңішке екені, өмірінің көктеммен байланысты болатыны, қызбаладан ақ жаулықты әже болғанша тіршілігін тоқтатпай келе жатқан мағыналы ғұмыр бейнеленді. Назарбаев Зияткерлік мектебінің өнерпаз оқушылары мен ұстаздарының ұйымдастырған концерттік бағдарлама сан қилы жанрды қамтыды. Мың бұралған бишілер «Таңғы шуақ», «Ұйғыр биі», «Қытай биі», грузин халқының ұлттық биін нақышына келтіре орындаса, бұлбұл дауысты өнерпаз оқушылар «Көктем вальсі» , «Қазақ қызы», «Дафт панк» атты мерекелік ән топтамасымен шашу шашты.
Шет елден келген мұғалім Рони Рустияның мектеп оқушысымен бірге ұлт аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен орындаған «Анашым» әні көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Шетелдік әріптесіміздің қазақ тілінде ән шырқауын ана тілімізге, ұлттық өнерімізге деген құрмет деп қабылдаған тыңдарман ілтипатпен қол соқты. Сонымен бірге өнер мен білімді қатар алып жүрген шәкірттер концерттік бағдарламада ұлт аспаптар ансамблінің орындауында «Ата толғауы» күйін ұсынып, скрипка мен пианинода Вивальди шығармаларын кәсіби деңгейде орындап шықты. Тамылжыған күйдің соңы ақындардың жыр жолдарына ұласты.
Аналарына деген құрметтерін оқушылар арнайы өлең-жыр жолдары арқылы жеткізе білді. Үштілділік саясаты көрініс тауып, өлеңдер үш тілде де оқылды. Ал концертке келген ата-аналар қауымы тек көрермендер ретінде ғана қатысып қоймай, балаларымен бірге өз өнерлерін көрсетті. «Ана» әніне өз балаларымен бірге вальс биледі. Ана мен бала арасындағы махаббат, сыйластық, нәзік сезім көрермен жүрегіне жол тапты.
Сондай-ақ, концертте 50-ге жуық оқушыдан құралған хор «Слушай» әні мен «Ана туралы жырды» ерекше тебіреніспен орындап шықты. Шара соңында мерекелік кешті дайындауға атсалысқан барлық әріптестерге, ата-аналарға, оқушыларға алғыс білдіріліп, көрермендерге мектеп ұжымынан ықылас гүлі табысталды.
