Палата кәсіпкердің 25 млн теңгесін сақтап қалды

Палата кәсіпкердің 25 млн теңгесін сақтап қалды Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі сот отырысында жеке кәсіпкер Сарыбаева Жұмагүлдің заңды мүддесін қорғап қатысып, "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Қызылорда өндірістік филиалы тарапынан қарыз деп есептелген 25 млн 333 мың 177 теңгенің  заңсыздығын дәлелдеп шықты. Сот отырысы кәсіпкердің пайдасына шешілді. 
Кәсіпкерден осыншалықты көлемді айыппұл не үшін салынғандығын сұрап хабарласқан болатынбыз. Сарыбаева Жұмагүл шағын кәсіпкерлікпен 20 жылдан бері айналысып келеді. Алғашында кәсібін сауда – саттықтан бастаған ол 2013 жылы қоғамдық монша салып, сол салада кәсіп жасай бастайды.
Алайда биыл жыл басында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының өкілі кәсіпкерге «Бақ-Нұр» моншасына тұтынған газ үшін 25 млн 336 мың 177 теңге қарыз екендігі туралы хабарлама қалдырып, 3 күннің ішінде төлеуді талап еткен. Монша іске қосылғаннан бері коммуналдық қарыздарды уақытылы төлеп жүрген Жұмагүл бұл ескертпе қағазымен келіспейтіндігін айтып, сотқа жүгінеді. 
Сотта кәсіпкердің мүддесін білдіріп қатысқан палатаның кеңесшісі Әлімжан Тоқболатов мына жайттарды ортаға салды. Аталмыш моншаға газ есептегіш құралын орнатқан да, оған техникалық қолдау көрсеткен де, қарыз деп көрсеткен де бір мекеме – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы және оның үлестес компаниясы «КҚЕО-Қызылорда» ЖШС-і. 3 жылдан бері аталмыш компания өкілдері ай сайын ақылы түрде бақылау жұмыстарын да жүргізіп келген. Сөйте тұра осы жылы ғана «Орнатқан газ есептегіш құралдарыңыз талапқа сай емес, нәтижесінде газды артығынан пайдаланып отырсыздар», - деген желеумен қомақты айыппұл салған. Кәсіпкер тіпті олардың орнат деген соңғы есептегіш құралын да алған. Оның өзі 400 мың теңге шамасында екен. Алайда газ таратушы мекеме қарызды сол күйі қалдырған. Палата кеңесшісінің келтірген дәлелдерін мұқият зерттеген сот шешімді кәсіпкердің пайдасына шешіп берді.
Айта кету керек, палата кеңесшілерімен жыл басынан бері кәсіпкерлерге 300-ге жуық сервистік қызмет көрсетілді. 

Қызылорда облысы 
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі   

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 наурыз 2017 г. 462 0