Бүгінде еліміз ғылым мен білім саласында бірқатар жетістік¬терге қол жеткізіп, болашаққа бағыт-бағдарын айқындады. Елбасы да жастарды ғылымға тарту мәселесін ұдайы көтеруде. Таланттылар мен дарындылардың білімін жетілдіріп, озық технологиямен жұмыс істеуі үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыс, қолға алынатын игі шаралар аз емес. Сейсенбі күні Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да өткен ғылыми жобалар байқауы соның дәлелі.
"Келешек инновациясы. Баламалы көздер” тақырыбымен ұйымдастырылған байқауда облыстағы университет магистранттары мен студенттер, мектеп оқушылары ұнтақталған асқабақ дәнегі мен қамыстың пайдасын дәлелдейтін, геотермальды энергия көздерінің тиімділігін баяндайтын 35 түрлі озық идея ұсынды. Қоғамның жаңа талап-тілектері мен әлеуметтік сұранысын қамтамасыз ететін, жасыл экономиканы дамытуды көздейтін инновациялық жобалар көпшілік көңілінен шықты. Өнертапқыштар да "ендігі кезекте туындылар өндіріске енсе, ұтарымыз көп” деген пікірге тоқталды. Солардың бірі – НЗМ-ның 10 сынып оқушысы Мақсат Қарлыхан. Ол қидан биогаз өндіретін технологияны жетілдіргісі келеді. Бұған дейін де осы ғылыми жобаны "Атамекен стартап” жас кәсіпкерлер байқауында қорғап, жүлделі орынға ие болған.
– Үйді отынмен немесе көмірмен жылытудың біршама қиындығы бар. Электрмен жылыту да қымбат. Осыған сәйкес биогаз өндіруге қатысты жобаны қолға алдым. Өндіруге шамамен 2 апта уақыт кетті. Бұл агрегатта бөлінген қалдықтар жоғары сапалы тыңайтқыш ретінде ауыл шаруашылығында қолданылады, – деді ол.
Қорқыт ата атындағы ҚМУ, жаратылыстану факультетінің 3- курс студенті Инабат Мамырхан ұсынған "Емдік батпаққа жантақты қосу арқылы дайындалатын қарапайым тіс пастасы” жобасына да қызығушылық танытқандар көп болды. Инабат жобасын жүзеге асыру үшін Жаңақорған ауданының балшығы мен дәрілік шөпті қолданғанын, бұл паста тістегі қызыл иекті қатайтып, тіс жегісін азайтуға жол ашатынын айтты. Ал болашақтың технологиясы саналатын 3D принтерге қатысты жобаны Абзал Бердібеков қорғады.
– Бұл құрылғы компьютердегі үш өлшемдік суреті бар файлдарды қабылдап, пластик, смола, керамика, металл секілді материалдардан тауар жасай алады. Инженерлер мен дизайнерлер автоматтандыру мен ғарыш саласында түпнұсқаны жасау үшін осы технологияны ондаған жылдан бері пайдаланып келеді. Мен бұл жобамен тек теория жүзінде айналыспадым. Тәжірибе жүргізіп, белгілі бір нәтижеге қол жеткіздім. Алдағы уақытта ізденуді жалғастыра беремін, – деді ол.
Осылайша, "Студенттік бизнес-жоба”, "ІТ технология, жасыл эконо¬мика саласындағы инновациялық идея” номинациялары байқауы табысты өтті. Қорқыт ата атындағы ҚМУ, ҒЗҰ бөлімінің бас маманы Ләззат Шілдебаеваның айтуынша, алдағы уақытта үздік деп танылған авторлар жобасын халықаралық "ЭКСПО-2017” көрмесі аясында жүзеге асырады.
М.СНАДИН.