
Азат елдің айбынды жастары! ХХІ ғасырда жалпы адамзаттың даму жолын білім мен ғылым айқындайды. Қазіргі таңда әлемдік даму үдерісінде білім мен ғылым – басты өмір сүру тетігі. Елбасымыз өзінің әрбір жолдауында Жастар – елдің өсіп-өркендеуі жолындағы негізгі күш болып саналатынын, қоғамның кез-келген саласында жастардың күш - жігерінсіз жүзеге асқан шаралар кем де кем екендігін атап көрсетеді.
Елбасының қашанда жастардың жағдайларын жақсарту, олардың қоғамда өз орындарын табуына қолдау көрсетуі асқан бір көрегендіктің белгісі. Қазіргі уақытта жастардың өздеріне лайықты кәсіппен айналысулары, біліміне сәйкес белгілі мамандық иесі атанулары Елбасының қолдауымен жарық көріп жатқан мемлекеттік бағдарламалар негізінде екені анық.
Ақпарат пен жаңа технологиялардың дамыған заманында, өзгелерге үлгі болатын өркениет әлемінде жастар өздерінің заманауи идеяларымен көш бастаушылар болып саналуы керек. Ал ондай мүмкіндікке ие болып, ойлаған мақсаттымды жүзеге асыру үшін мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің студенті болғаныма мақтанамын. Елбасымыздың өзі шаңырағын көтерген бұл университет төл тарихының қаланғанына небәрі 20 жылдан енді асса да, әлемдік беделді рейтингтерде танымал білім ордаларының қатарында, ал еліміз бойынша №1 оқу ордасы болып саналатыны даусыз. Мұнда шәкірттердің білімі мен білігін шыңдайтын таңдаулы профессорлар, өз ісінің білгір маманы - үздік оқытушылар дәріс береді. Жастардың еркін білім алып, білімін жетілдіруі жолында барлық жағдай жасалған. Бұл мекен - жастардың арманы жүзеге асатын ғажайып орта. Университетте 13 факультеттегі 66 мамандық бойынша сапалы білім беріледі. Қай кезде де көш басынан көрініп келе жатқан Еуразия Ұлттық Университеті Елбасымыздың «Алтын сапа» сыйлығын да иеленіп үлгерді.
Егемен еліміздің ертеңі – біз, жастар, еркелей аққан Есілдің жағасынан орын тепкен университетте білім алып келеміз. Абыройы асқақтаған білім ордамыз жайлы ауыз толтырып айта да аламыз, мақтана да аламыз. Ұлттық оқу орны қабырғасында тек терең білім алып қана қоймай: - еліміздің және әлемнің ең үздік ғалымдарының жетекшілігімен ғылыммен айналыса аламыз; - халықаралық агенттіктерге негізделген білім программаларымен оқи аласыз; - Шетелдің ең үздік университеттеріне академиялық мобильділікпен семестрлік оқуға аттана аламыз.
Осылардың барлығын қорытындылай келе, университетіміздің Қазақстанның бетке ұстар, ең үздік оқу орындарының алдыңғы қатарында көш бастап келуі заңдылық және үлкен жетістік. Болашақта дүниежүзінің ең үздік 10 университеттерінің ішінде болу – алдымызға қойған үлкен мақсат. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деген. Сондықтан біз, тәуелсіз қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарымызды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіспіз.