
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Жиында алдымен кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы күн тәртібіне қойылды. Аймақ басшысы өз сөзінде ел ертеңі бүгінгі ұрпақ екендігін, олардың болашағы үшін аға буын жауап беретіндігін атап өтті. Өткен жылы облыс бойынша қылмыстылық деңгейі төмендегенімен, жасөспірімдер қатысуымен болған құқық бұзушылықтар саны артқан. Мәселен, жыл басынан бергі екі айдың өзінде 25 пайызға көбейіп отыр. Бұған бірден-бір себеп - жастардың қараусыз, тәрбиеден тыс кетуі. Айталық, өткен жылы 400-ден астам оқушы мен студент оқуын тастап кеткен. Олардың бүгінде немен айналысып жатқаны белгісіз.
Қ.Көшербаев бұл мәселе бойынша келесі отырысқа дейін нақты іс-шара жасауды тапсырды. Әсіресе, облыстық білім басқармасы басшысына тәрбиеге бақылауды босаңсытпауды, балалар қылмысына жол берген білім беру ұйымдары басшыларын қатаң жазалауды талап етті.