
Қызылорда облысының кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған арнайы аймақтық бағдарлама жаңа жұмыс орындарын ашу мен шағын және орта бизнес кәсіпорындарының санын арттыруға мүмкіндік берді. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін «Даму» Қоры мен Қызылорда облысының әкімдігі 2016 жылы бірлесіп, 1,5 млрд.теңге қаржы бөлді. Кәсіпкерлікті қаржыландырудың аймақтық бағдарламасы аясында өз бизнесін дамытып отырған бірі жеке кәсіпкер Гүлсім Тұрманова ұлттық нақыштағы киімдер мен перде тігумен айналысады.
Өзінің тігін цехын дамыту мақсатында Гүлсім Тұрманова шағын және орта бизнесті Аймақтық қаржыландыру бағдарламасы аясында 15 млн.теңге несие рәсімдеді. Кәсіпкер несиені 8,5 пайыздық үстемемен рәсімдеп, оны айналым қаражатын толықтыру мен жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға бағыттады. Гүлсімнің айтуынша, тігін машиналарының ескіруінен цех тұтынушылардың тапсырысын қанағаттандыра алмай, несие қаражатын тартуға тура келген, бастысы кәсіпкер көздеген мақсатынына жетіп,қазіргі таңда кеңейтілген цехында жұмысын табысты жалғастыруда
Өзінің бизнесін Гүлсім Тұрманова 16 жасында қолындағы 150 мың теңге қаржымен бастаған. Осы ақшаға ол тігін машинасын сатып алып, үйден киім тігуге тапсырыс қабылдады. Уақыт өте кәсіпкер тігін өнімдерін сатуға болатын шағын дүкен ашты. Ал бүгінде бизнесвумен 10 адамды жұмыспен қамтып, тігін цехын басқаруда, сондай-ақ тігін және тоқыма заттарын сататын үлкен дүкеннің де иесі. Гүлсім басқаратын дүкендегі өнімдер алуан түрлі, ал тігін цехының шеберлері ұлттық нақыштағы киім мен перделер тігуде. Аймақтық Бағдарламаға қатысу арқылы кәсіпкер әйел айналым қаражатын толықтыру мен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алды.