
Қазақ келіндерінің бар болмысын бойларына жиған қазалылық 16 келін сынға түсті. Көктемнің нұрлы шуағымен бірге келген шұғылалы әйелдер мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған мәдени шара Бекарыстан би ауылында өткізілді.
Ауылдық мәдениет үйінің жанындағы «Асыл аналар» ансамблінің орындауындағы «Гүл-гүл жайна» әнімен басталды. Қазақ әуелден «Келіні жақсының керегесі алтын» деп босағадан аттаған жас жанның тәрбиесіне мән берген. Осы мақсатта өткен байқаудың бірінші бөлімінде келіндер өздерін көпшілікке таныстырса, екінші бөлімде өз өнерлерін ортаға салды. Ал үшінші бөлімде қысқаша көрініс арқылы «Ибалы келін» сайысының мағынасын аша түсті. Алғашқы кезеңнен-ақ көрермендер мен қазылардың көңілінен шыққан аяулы келін, асыл ана болып жүрген Бекарыстандық Жарылқасын Назгүл бас жүлдені қанжығасына байлап, сый-құрметке бөленді.
Бірінші орынды инабаттылығы бойына жарасқан жас келін Әйтеке би кентінен қатысқан Рысмамбетова Ақнұр иеленсе, екінші орынға Қазалы қаласынан Шайзадаева Салтанат табан тіреді. Ал үшінші орынды Құлманова Айгүл (Аранды ауылы), ТәуекеловаҰлпан (Лақалы ауылы), Алтыбаева Қалбибі (Абай ауылы) иеленді. Сонымен қатар, Бірлік ауылының келіні Кенесары Салтанат «Инабатты келін»,ал Бозкөл ауылының келіні Төрембетова Бану «Көрермен көзайымы» аталымдарымен марапатталды.