Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Жиында алдымен кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы күн тәртібіне қойылды. Екінші кезекте 2016 жылғы қылмыстық құқық бұзушылықтың ахуалы және облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырыстарының хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы тыңдалды.
Аймақ басшысы кіріспе сөзінде ел ертеңі бүгінгі ұрпақ екендігін, олардың болашағы үшін аға буын жауап беретіндігін атап өтті. Өткен жылы облыс бойынша қылмыстылық ахуал төмендегенімен жасөспірімдер қатысуымен болған құқықбұзушылықтар саны артқан. Мәселен, ол жыл басынан бергі екі айдың өзінде 25 пайызға көбейіп отыр. Бұған бірден-бір себеп – жастардың қараусыз, тәрбиеден тыс кетуі. Айталық, өткен жылы 400-ден астам оқушылар мен студенттер оқуын тастап кеткен. Олардың бүгінде немен айналысып жатқаны белгісіз. Аймақ басшысы бұл мәселе бойынша келесі отырысқа дейін нақты іс-шаралар жасалу қажеттігін тапсырды. Әсіресе, облыстық білім басқармасы басшысына тәрбиеге бақылауды босаңсытпауды, балалар қылмысына жол берген білім беру ұйымдары басшыларын қатаң жазалау керектігін талап етті.
Н.ТАСТЕМІР.