
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығы бойынша бекітілген «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында азаматтарға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы сатып алу мен жалға берілетін баспаналар құрылысы жөнінде халыққа кеңінен ақпарат тарату мақсатында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалының директоры Әділжан Сәулебаев пен Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерлан Бердібаев баспасөз конференциясын берді.
Брифинг барысында филиал директоры Әділжан Сәулебаев:
- Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында баяндағандай, елімізде алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсаты қойылып отыр. Аталмыш шара «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүйеге асып, азаматтарға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы сатып алумен жалға берілетін баспаналар құрылысы жүзеге асырылады. Баспана алудың негізгі шарты - жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған мемлекеттік сала қызметкерлері жолдама алып келген жағдайда айлық табысын растайды және депозиттік шотын толықтырып сатып алумен жалға берілетін тұрғын үйлерге қоныстанады»,- деп айтып өтті.
Банк салымшылары үшін тұрғын үй бағасының 30 пайызын жинақтау немесе бірден салу арқылы қалған соманы 5 пайызға несиеге бөліп төлеп алуға мүмкіндік бар. Қойылатын талап - соңғы 5 жылда атында тіркелген баспана болмауы тиіс. Ал, Астана мен Алматы қалаларынан тұрғын үй алушылардан 2 жыл тұрақты тіркеу сұратылады. «Жас Отбасы» бағдарламасы аясында соңғы 5 жылда ерлі-зайыптылардың атында тіркелген баспасы жоқ, некеде тұрғандарына 2 жыл толған, жастары 29-ға толмаған жас отбасы тұрғын үй инспекциясынан жолдама алып келу арқылы айлық табыстарын растап тұрғын үй алуларына болады. «Нұрлы жер» бағдарламасының концепциясында көрсетілгендей әлеуметтік - әлсіз топтар арендалық тұрғын үйлерге қоныстанатын болады және тек коммуналдық қызмет үшін ғана төлем төлеп отырады. Ол бағыт жергілікті атқарушы орган арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Ерлан Бердібаев:
- Өңірімізде үй алу кезегінде 21 мыңдай адам кезекте тұр. Өзге өңірлермен салыстырғанда облысымызда жыл сайын үй тұрғызуға арнайы дайындалған жер телімдері жақсы деңгейде бөлініп жатыр. Дегенмен, қазіргі таңда кезексіз үй алып берем, тұрғын үй кезегін жылжытамын деген желеумен алаяқтық жасайтындардың қатары азаймай отыр. Атап айтсақ, 2016 жыл көлемінде жергілікті құқық қорғау саласының берген ақпаратында 130 алаяқтық фактісі тіркелген. Біз жыл сайын тұрғын үй кезегінде тұрғандар туралы ақпаратты жергілікті газет-журналдардың беттеріне жариялап отырамыз. Осы орайда тұрғындарға айтарымыз, ешкімге сенбей, тек қана ресми орындардың ақпаратына сүйеніп, банк қызметкерлерінен кеңесіне жүгінген абзал», - деп атап өтті.