Сыр елінің тәртіп сақшылары техникалық мүмкіндігін арттыру, қоғам тыныштығын сақтауды жедел атқару мақсатында арнайы көліктермен қамтамасыз етілді. Бейсенбі күнгі салтанатты шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ішкі істер органдарының жұмысына жоғары баға беріп, бірқатар қызметкерге қызметтік автокөлік кілтін табыс етті.
– Елбасы тапсырмасы аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ішкі істер органдары қалтқысыз қызмет етуде. Негізгі жауапкершілікті сезініп, Президентіміздің тапсырмасына сай елге адал қызмет етудесіздер. Сондай-ақ, жауапты міндеттерді орындауда жақсы жетістіктерге жетіп жүрсіздер. Елбасы тапсырмасына сәйкес ҚР Үкіметі және жергілікті әкімдер тарапынан ішкі істер органдарының материалдық-техникалық, кадрлық өкілдіктерін қалыптастыру мақсатында тиісті қолдау көрсетілуде. Аймақта соңғы 4 жылда облыстық бюджеттен ішкі істер департаментінің дамуына және қажетті материалдық-техникалық, кадрлық мәселелерді шешуге қосымша 5,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Аперативтік басқару орталығы, 130-дан астам авокөлік, қорғаныс құрал-жабдықтары және басқа да қажеттіліктердің барлығы тиісті қаражаттың арқасында өз шешімін тапты. Бүгін қызметтік автокөліктерді табыстай отырып, анттарыңызға адал мемлекет алдындағы міндеттерді абыроймен атқара берулеріңізге тілектеспін, – деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев.
Салтанатты шарада тәртіп сақшыларға қызметтік 2 автобус пен 2 «Газел» автокөлігі және аудандық ішкі істер бөлімдеріне 7 «Нива» автокөлігі табысталды. Сондай-ақ, аймақ басшысы облыстық ішкі істер департаментінің жұмысымен, тәртіп сақшылардың қызметтік-кәсіби даярлығымен танысты.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.