
Облыс орталығындағы отбасы үлгісіндегі "Атамекен” балалар ауылында "Алғыс айту – парызым” атты мерекелік шара өтті.
Облыстық білім басқармасының, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өкілдерінің қатысуымен өткен шара флешмобпен ашылды. Шараға қатысушылар шағын ауылдың "Үшқоңыр”, "Сарыарқа”, "Байқоңыр”, "Оқжетпес” және "Ақжайық” аталатын тұрғын үйлерін аралап, тәрбиеленушілердің күнделікті тұрмыс-тіршілігімен танысты.
"Алғысымды әнімменен жолдаймын” тақырыбындағы концерттік бағдарламаны тамашалап, кішкентай өнерпаздардың өнеріне тәнті болды. Расында, балалар арасынан мың бұралған бишіні де, әншіні де байқадық. Мәскеудегі "Ты супер” байқауының қатысушысы Рано Сабанқұлова солардың қатарында. 13 жастағы Раноның алға қойған мақсаты биік. Қаршадай қыз болашақта Роза Рымбаева секілді әнші болуды армандайтынын және сол арманына қол созуға мүмкіндік беріп отырған жандарға шексіз риза екенін жеткізді.
– Көрсетіліп отырған қамқорлыққа алғысым шексіз. Соның ішінде менің жоғары деңгейдегі байқауларға қатысуыма септігін тигізген демеушілерге рахметімді айтамын. Біздің әрбіріміз елдің мақтан тұтар азаматы болуға, үлгілі тәртібіміз бен сапалы біліміміз арқылы осы еңбектеріңізді, жасаған жақсылықтарыңызды қайтаруға уәде береміз, – деді Р.Сабанқұлова.
Шара соңында тұрақты демеушілік жасап жүрген бірқатар азаматтарға, балалардың сүйеніші мен тірегіне айналған, тынымсыз еңбек етіп, игі істердің басы-қасынан табылған тәрбиеші-аналарға Алғыс хаттар табысталды.
«Атамекен» ауылының тұрғындары ел ағаларының шарапатына ризашылық алғысын білдірді.