
Кеше «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында партияның 18 жылдығы және Алғыс айту күніне арналған салтанатты шара өтті. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жетекші партияның тарихына тоқталып, қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтады.
– Елбасымыз жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясы қазақстандық көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде бағыт-бағдары айқын және даму барысы дараланған, биіктігімен бағалы халықтық партия. «Нұр Отан» партиясы – алғашқы құрылған күннен бастап тың бастамалар көтеріп, жауапты шешімдер қабылдауға ұйытқы болуымен қатар, елмен етене араласып жүрген бірден-бір қоғамдық ұйым. Бүгінде партия ел мүддесін мұрат тұтқан, өзінің осы ұстанымын табанды қорғай білетін саяси ұйым екенін дәлелдеді. Сондай-ақ, саяси Доктринасы мен Сайлауалды тұғырнамасы арқылы Қазақстанның болашағы үшін өзіне толық жауапкершілікті жүктеп отырған жалғыз саяси күш. Елбасының бастамасымен, өткен жылдың 1 наурызынан бастап елімізде жаңа мереке – Алғыс айту күні аталып өтуде. Бұл – тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні. Барша нұротандықтарды бүгінгі қос мерекемен құттықтаймын, – деді филиал төрағасы.
Мұнан соң облыс әкімі жаңадан партия қатарына қабылданушыларға партиялық билет табыстап, бірқатар белсенділерді «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Теміржолшы Абай Абдраев «Нұр Отан» партиясының игі бастамалары мен қамқорлығына алғысын білдірді. Жас ақын Қонысбек Зұлпыхарұлы «Жас Отан» Жастар қанаты атынан партияға арнаған өлеңін оқыды. Салтанатты шара Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың оқытушысы Жалын Жүсіповтің орындауындағы «Атамекен» әнімен қорытындыланды.