Шиелі ауданындағы барлық балабақша 4 аймаққа топтастырылып, бірлесіп жұмыс жасап келеді. Мұнда тәжірибе алмасу мақсатында аймақтық балабақшалар арасында семинар өткізу дәстүрге айналған. Жақында осындай семинардың бірі «Үш батыр» балабақшасында «Шығармашылық сатысынан шеберлік шыңына» тақырыбында өтті.
Жиын барысында бүлдіршіндердің танымдық қабілетін арттыру мақсатында «Төлдер айтысы» тақырыбында ашық сабақ болды. Онда вариативтік компонент арқылы сәбилерді ойынға тарту және де тілін ұштау қарастырылды. Сабақ барысында оқушылар «Мекенін тап» ойыны мен «Төлдер айтысы» ертегісінен қойылым көрсетті. Мұнан соң төрт түлік малдың төлдері туралы ақпарат беріліп, бүлдіршіндер жаңа сөздерді қайталады. Ал сабақ соңы «көңілді смайликтер» әдісі арқылы қорытындыланды.
Семинар «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» сайысымен жал¬ғасты. Сайыста жас мамандар үздік тәлімгермен жұптасып өнер көрсетті. Сахналық қойылымдармен өздерін таныстырған 1-жұп тәлімгері Нұргүл Бақымова мен жас маман Назерке Ахатова тәрбиеленушілерді ертегілер әлеміне саяхат жасатты. Екінші жұпта Баян Өтепбергенова мен Диана Шәмшиева қолөнері мен шығармашылық жұмыстарымен ерекшеленсе, үшінші жұп Әсел Асқарқызы мен Нұржанар Жақсыбаева би өнері және аспаздық қасиетімен көрермен көңілінен шықты. Сайыс нәтижесі бойынша «Үздік тәлімгер» Нұргүл Бақымова болды, «Үздік жас маман» аталымы Назерке Ахатоваға берілді. Қолөнер сайысы бойынша да жеңімпаздар анықталды.
Жиынға аудандық білім бөлімінің бас маманы Рабиға Тәжібаева мен 4 аймақтың меңгерушісі Шолпан Төлеген, балабақша әдіскерлері мен тәрбиешілері қатысты.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі ауданы.