
Аты аңызға айналған Роза Бағланованың туғанына 95 жыл толды. Тума таланттың әндерін бұрынғы Кеңес одағы халықтарының бірнеше буыны тыңдап өсті. "Ақмаңдайлым”, "Ах, Самара – городок”, "Әдемі-ау” әндері әлі халықтың құлағында. Қазақстанның, Өзбекстанның және КСРО-ның Халық әртісі, Халық қаһарманы өмірде өшпес із қалдырған ерек тұлғаның есімін ел ұмытпайды, ұлықтайды.
А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде ән падишасының құрметіне арналған концерт өтті. "Мереке” вокалды-аспапты ансамблінің сүйемелдеуімен өткен кеште Роза Тәжібайқызының репертуарындағы әндер жанды дауыспен орындалды. ҚР Білім беру ісінің үздігі, "Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері Ұлбосын Жанайқызы арнау оқыды. Тарихи тұлғаны көпшілік арнайы түсірілген фильмнен көріп, сағынышпен еске алды. Сонымен қатар кешке бұлбұл әншінің шәкірті, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова қатысып, өткен күннің шуақты естелігімен бөлісті.
– Роза Бағланова – халықтың сүйікті әншісі. Оның өмірі халқымен бірге болды. Қашанда сөзін "халқым” деп бастайтын. Сол халқына еңбек етті, еркелеп өмір сүрді. Менің шыңнан көрінуім – ең алдымен халқымның көңілі, содан кейін Роза апамның ақ батасы, – деді Күлән Жантемірқызы.
Әдемі ән қалықтаған концерт тыңдарманын бей-жай қалдырмады. Жиналған жұртшылық уақыт өткен сайын ерекше дарын иесiне деген сағынышы үдей түсетінін байқатты.