Жалақы – әлеуметтік мәселе

Жалақы – әлеуметтік мәселеБүгінгі таңда облыс бойынша әрбір адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, оған уақытында еңбекақы төлеу басты назарда тұр. Еңбектің қайтарымдылығы оның әлеуметтік қорғалуына тәуелділікті қажет етеді. Еңбек адамына әлеуметтік жағдай туғызу, жұмысына сәйкес еңбекақысын төлеу, еңбек демалысы мен тұрмысын жақсарту – әлеуметтік тұрақтылықтың тұғыры болып есептеледі.

Облыс бойынша жалақы қарызы мен жұмыстан негізсіз босату, болмаса ақысыз демалысқа жіберуді болдырмау мақсатында екі құзырлы орган – облыстық прокуратура мен облыс бойынша еңбек саласындағы бақылау басқармасы қызмет атқарады.

Бұл бағытта облыс әкімдігі мен прокуратура органдары бірлесіп атқарған жұмыстың рөлі де ерекше. Республикада бірінші болып өңірдегі халықтың көкейіндегі өзекті мәселелер қамтылған «Әлеуметтік шиеленіс ошақтарының картасы» ай сайын жаңартылып, ерекше бақылауда ұсталуда. Бұған қоса жұмыс орындарын қысқартуды болдырмау және жалақы қарыздарын өндіру мақсатында облыс әкімі жанындағы дағдарысқа қарсы штаб пен үш жақты әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарының комиссия отырыстарында жалақыға қарыздар мекеме басшыларына қатаң талаптар қойылуда. Сонымен бірге облыстық прокуратура жанынан мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау орган­дарының, сондай-ақ азаматтардың еңбек құқықтарын қорғайтын кәсіподақ ұйымдарының қызметін үйлестіретін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, оның отырысы апта сайын өткізілуде.

Бұл ретте мемлекеттік еңбек инспекциясында аймақтың қоғамдық саяси ахуалына тұрақты негізде мониторинг жүргізіліп, әлеуметтік шиеленіске әкеп соқтыруы мүмкін проблемалық мәселелерді шешуге жедел шаралар қабылдануда. Сондай-ақ, азаматтардың конституциялық құқықтары мен еңбек заңдылығының сақталуын бақылап, заң талаптарына сәйкес жұмыстар жүргізілуде.

2016 жылдың басында облыс бойынша 55 мекемеде жалақы қарызы 949,2 млн тенгені құраған болатын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ол 2017 жылдың 1 қаңтарына 5,4 млн теңге, яғни 99 пайызға төмендеді. Сөйтіп, мемлекеттік еңбек инспекциясы прокуратура өкілдерімен бірлесе отырып, 54 кәсіпорынның 5594 жұмысшыға 943,8 млн теңге жалақы қарызын өндіртіп бергізді.

Өткен жылы мемлекеттік еңбек инспекторларының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдылыққа сәйкес жүргізілген тексерулер қорытындысы бойынша 17,5 млн теңгеге 88 айыппұл салынды. Оның ішінде жалақыға қарыз 65 мекеменін заңды және лауазымды тұлғаларына әкімшілік шара көріліп, 13,6 млн теңге айыппұл салынды.

Мемлекеттік еңбек инспекциясында жалақының толық төленуіне жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда және кәсіпорындардың жалақыға қарыздарын өтеу жөніндегі мәселелері тұрақты бақылауда ұсталуда. Соның нәтижесінде жыл басынан бері еңбек инспекторлары 21 кәсіпорынның 1007 жұмыскеріне 119,7 млн теңге жалақысын өндіртіп бергізді.

 

С.АЛЬШОРАЗОВА,

Қызылорда облысының еңбек саласындағы

бақылау басқармасының бөлім басшысы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 наурыз 2017 г. 475 0