Өнегелі өмір өрнегі

Өнегелі өмір өрнегіҚасиетті ірі тұлғаның ұрпағы туралы  айтпас бұрын, тегіне үңіліп, бабалардың жүріп өткен жолына тоқталмасақ әбес болар.
Марал баба қалың қазақ құрмет тұтқан, алты Алашқа есімі мәшһүр болғаны белгілі. Ол – ислам дінін насихаттаушы ғана емес, XVIII ғасырда Арқа төсінде өзінің саяси қайраткерлігімен де кең танылған тумысы бөлек тұлға. Тіпті, Ресей патшасына жер мәселесі хақында хат жазғаны туралы мағлұмат кездеседі. Хан Кененің  кеңесшісі ретінде Марал баба кемеңгерлік ақыл-ой парасатымен маңызды шешім қабылдауына ықпал еткен. Бірақ ханның бірбеткейлігі мен  қатыгездігі дін жолындағы әулие бабаның ықыласын суытып, кеңесшіліктен бас тартқан деген де дерек бар. Хиуа хандығының езгісіне қарсы жасалған шабуылдарға да қатысқаны туралы мәлімет тарихта жазулы. Осындай қазақ халқын ислам нұрымен аялап, қажет кезде саяси өміріне де етене араласқан Марал баба кейін өмірінің мәнді кезеңдерін Сыр өлкесіне арнайды. Ел-жұртты ислам құндылықтарымен сусындатып, сауат ашып, мешіттер салып, тіпті малмен ғана айналысқан қазақтарды егіншілікке баулыған екен. Жамбасының тиген жері де осы Сырдың бойы. Сондықтан болар, ғұламаның ұрпағы осы өңірде өсіп-өніп, тамырын жайып отыр.
Әңгіменің басын Алланың қасиеті қонған Марал бабадан бастауымыздың  бір себебі – оның тікелей ұрпағы Сүлеймен ишан, оның баласы Бақытжан Бекішов  туралы тағылымды әңгіме қозғамақпын.
Бақытжан ағамыздың әкесі Сүлеймен ишан кеңестер тұсында басқа да діндар ағайындарымен бірге қуғынға ұшырап,  коммунистердің азабын  бір адамдай тартты. Үш әріптің тырнағынан Сүлеймен ишан өзінің  Алладан келген қасиетімен, одан қалды ағайынның қолдауымен аман қалып, ел ішінде ынтымақ пен бірлікті ұйытқан абыз ақсақал болды.
Өз уақытында  биік болмыс, парасатымен, діни жоғары ілімімен елді аузына қаратқан Сүлеймен ишан¬ның баласы Бақытжан өз өміріне әкесін үлгі тұтып, еліне адал еңбек етті. Мағыналы өмірін ұстаздыққа арнады. Шынайы педагог болды. Бақытжан Сүлейменұлы осындай өнегелі өмір жолымен  ұрпаққа ұлағат, беделімен, білім-білігімен қалың жұртына сыйлы болған азамат еді.
Ол еңбек жолын соғыс жылдарында «Казрис» ауылының бастауыш мектебінде мұғалімнен бастады. Ол кезде біз  екі жас айырмашылығы бар, өзі қатарлас бала едік. Ал, мұғалім деп, үлкен тұтқан ағайымыз небәрі 14 жасты иектеген екен. Өзі құрылыптас балаларға ақылман, ұстаз болуы тектіден туған  ардақты жанның ғана қолынан келер іс. Бізді де сол зобалаң, сұрапыл жылдар балалықпен ерте қоштастырды. Ол тұс ауылға «қара қағаз» келіп, кейбір отбасыларының зарлап қалған кезі болатын. Ағайынның  бар  ниеті майданға аттанған ағалардың, әкелердің амандығын тілеу еді. Қанды соғыстың  ызғары мен азасы балаң жігітті ерте есейтті. Соғыс жылдарындағы ел көтерген ауыртпалық мұрты тебіндеп, жігіттік жолы енді басталған Бақытжанның да иығына ауыр жүк артты. Ағайыны, ауылдастарымен   аш-жалаңаш, жоқшылықты бірге тартты. Әкесі Сүлей¬мен ишанның діни тәрбиесі мен таза болмысынан жас Бақытжан бойына сабырлылық, байсалдылық, адалдық қасиеттерін сіңіре білді.
Таңның атысы, күннің батысы ауыл тіршілігіне араласып қана қоймай, мұғалімдік қызметті бар ықыласымен атқарды. Іле-шала қаладағы педагогикалық училищені үздік бітіріп, ұстаздық жолын үзбей жалғастырып, өз ортасында беделді азаматқа айналады. Білімін одан әрі тереңдету мақсатымен Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының қазақ тілі-әдебиет факуль¬тетіне түсіп, оны да ойдағыдай тәмамдады.  
1954 жылы  өзі өскен Абай ауылындағы мектепке мұғалім боп оралады. Ауыл адамдары бабаның ұрпағы, өз заманында қадір-қасиеті арта түскен Сүлеймен ишан¬ның баласы ретінде де, білімді, білікті маман ретінде де, қарапайым, ақпейілді адами қатынастары үшін де Бақытжан Бекішевке сый-құрметпен қарады. Осы жерде мектептің директорлығына дейін өсті. Мықты басшы болды. Ол кезде мектеп директоры,  мұғалім болған кісілердің салмағы ауылдықтарға әкім-қаралардан да артық көрінетін. Сондай  ел ықыласына бөленген Бақыт¬жан Сүлейменұлы ауылдың ұйтқысы да бола білді. Ұстаз деп ақылдасқан ауылдастарына оң жол сілтеп, туыстай араласып кеткен барлық тұрғындардың бірлігіне, жақсылықтарына арқау болды.  
1957 жылы КПСС қатарына қабылданды. ¬Десек те, Марал бабаның  тікелей ұрпағы ретінде қуғын-сүргін¬ге ұшыраған туыстарының  тартқан тауқыметі ұмы¬тыла қоймаған кез. Әкесі Сүлеймен ишанды да «үш әріп» аңдып, талай торға түсе жаздаған уақыттары көз алдында. Ислам дінін жеңе алмаған кеңестік солақай саясат ақыр соңында ишан қасиетін мойындап, қаладағы Айтбай мешітіне имам етіп бекітті. Діни қызметі мен уағызын билік үнемі назарда ұстап отырды. Осы тақсыретті отбасымен бірге көрген Бақытжан Сүлейменұлына коммунист болу – арман емес еді. Алайда адал еңбек пен терең білімі, азаматтың ерекше бекзат болмысы  партияға қажет болса керек. Партия ынтасы таудай жас жігітті коммунист болуға лайық деп тапты. «Советтердің» талабына сай болған Бақытжан Бекішевті 1957 жылы Сырдария аудандық оқу-ағарту бөліміне қызметке жібереді. Өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, жауапты саладағы ұлағатты істері, азаматтық болмысы Бекішевтің білім саласындағы орнын айшықтай түсті.  
Ерен еңбектің арқасында «Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі» атағына ие болды. Соғыстан кейінгі жылдары білім саласын қалпына келтіріп, одан әрі дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің арнайы төсбелгісі тапсырылды. Ізденістері мен тынымсыз еңбегі жоғары бағаланып, ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталды.
1960 жылдан бастап 1993 жылға дейін, 30 жыл бойы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында кабинет меңгерушісі қызметінен, директор орынбасарлығына көтеріліп, бар күш-жігер, білігін білім саласын дамытуға жұмсады. Осы бағытта бірқатар жоғары оқу орны кафедраларымен, ғалымдарымен, профессорларымен етене байланыста болып,  мұғалімдер білімін жетілдіру институтының әдістемелік жұмысына көп шығармашылық жаңалық енгізді.  
Республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінің Қы¬зылорда облысындағы тілшісі қызметін қоса алып жүрген Бақытжан Сүлейменұлы өзін журналистика саласында да білікті маман ретінде танытты. Облыстың оқу, тәрбие ісіндегі озық тәжірибелері мен білім саласы жетістіктері туралы жазған Бекішевтің мақалалары   Сыр елі ағарту саласының мәртебесін көтере түсті.
1980-1984 жылдары қаладағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатының директоры болып, өзін білікті басшы, жаңашыл ұйымдастырушы деңгейінде көрсете білді.
1980 жылы Бақытжан Сүлейменұлы облыста «СССР халық ағарту ісінің үздігі» деген жоғары атақты иеленді.
Міне, Бақытжан Бекішовтің жүріп өткен жолы, өнегелі өмірі ұстаздар қауымының жадында сақтаулы.
«КазРис» ауылы бүгінде сол ауылға еңбегі сіңген, соғыс уақытысында халқымен бірге жан аянбай тер төккен, колхоз төрағасы  Досан Елеусіновтің есімімен аталады. Досан әкеміздің өз қалтасынан фашистердің көзін жоюға  танк колоннасына  қыруар қаражат жіберіп, Сталиннен алғыс хат алғаны Сыр елі тарихының бір парасы боп қалды. Бүгінгі күні «Досан» ауылы жаңа келбетке ие. Жаңа заманға сай даму үстінде.  Алдыңғы жылы ашылған жаңа мектеп сол Бақытжан Сүлейменұлының 14 жасында ұстаздық жолын бастаған  кішкентай мектептің орнынан бой көтерді. Бабасының ізі қалған, өзінің еңбек табы сақталған  ауылдағы осы мектепке Бақытжан Бекішовтің есімі берілсе деп ауылдастары армандап жүр. Ол тілектің ішінде әрине, бүгінде 86 жасқа келген мен де бармын.
 
Жетібай ШАЛҒЫНБАЕВ,
ҚР Ішкі істер  органының құрметті ардагері.
 
 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 наурыз 2017 г. 718 0