Қазалы ауданы Әйтеке би кенті әкімі аппаратының «Кенттік клубы» МКҚК халық ақыны Байназар Өтепұлының есімін жаңғырту мақсатында «Жырларың ғасырларға ұлассын!» атты аймақтық жас жыршы-термешілер байқауын ұйымдастырды. Шараны аудан әкімінің орынбасары Арман Қаржаубаев ашып, ақынды өлтірмейтін жыры болса, ақынның мәңгі жасауы жыр қадірін ұғатын ұрпағы екенін жеткізді.
Байқауға Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарынан жас жыршы-термешілер қатысып, 12-17 және 18-32 жас аралықтары бойынша сынға түсті. Қатысушылар Байназар Өтепұлы мен дәстүрлі жыр мектептерінің шығармаларын орындады. Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының мақамдарында жыр төккен ақындар өнерден шөлдеген, ақынын сағынған халықтың көңілінен шықты. Ақын Байназар Өтепұлы мен Жетіскен Мәкеналының арнауын орындаған Айбек Таңсықбайұлы мен Әлібек Айдаровтың шеберлігіне тәнті болған халық Байназар Өтепұлының өзін көргендей әсерге бөленді.
Нәтижесінде 12-17 жас аралығы бойынша бас жүлде Ұлдана Нұртуғанға, бірінші орын Әли Кеңесұлына, екінші орын Фариза Хасеноваға, үшінші орын Бексұлтан Орынбасаровқа берілді. 18-32 жас аралығында Тұрар Айдосқа тең келер ешкім табылмады. Үш орынды Асылзат Әбілхан, Рамазан Рысбек, Жанболат Өмірзақ өзара бөлісті. «Асыл қазына» номинациясымен Динара Шоңбаева, «Жыр жауһары» номинациясымен Батырбек Өтеп марапатталды. Ақыл Қосуақов, Гүлраушан Нұрымова, Жаһангер Алдан, Жұлдызай Сраж, Нұрәділ Қожахмет алғыс хаттар иеленді. Байқауға Үсен атаның ұрпақтары, Алмас Бегалиев пен Шеген Оразалиев, Байназар Өтепұлының баласы Кемеңгер Өтеп, облыстық мәслихат депутаттары Ібайдулла Тілепұлы, Мінәжаддин Сражадинұлы, Аманбай Елеуұлы, аудандық мәслихат депутаты Бекқали Бекбауылов, «Жылу ХХІ» ЖШС директоры Көпжан Бижанов, «Игілік Т» ЖШС директоры Төребек Игілік демеушілік жасады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы.