Жаңа бағдарламамен жарқын болашаққа

Жаңа бағдарламамен жарқын болашаққаҚалаға қарасты Белкөл кентінде орналасқан «Балапан» балабақшасында «Жаңартылған мектепке дейінгі білім беру мазмұнын жүзеге асырудағы педагогикалық ізденіс» тақырыбында семинар өтті. Қызылорда облыстық оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған семинарға қалада орналасқан мектепке дейінгі орталықтар мен қатар Шиелі, Жаңақорған аудандарының балабақша меңгерушілері, әдіскерлері мен тәрбиешілері, аймақтық әдістемелік бірлестік жетекшілері қатысты. Белкөл кентінің әкімі А.Жорабекұлы балабақша мен мектептегі білім беру сабақтастығын күшейту, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту сапасы, педагог кадрлардың кәсіби шеберлігін жетілдіру мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Семинар барысында «Балапан» балабақшасының меңгерушісі Мейрамкүл Әбдіғаппарқызы бөбекжайдың қазіргі заманғы интерактивті құралдармен толық жабдықталғанын жеткізді. Сонымен қатар инновациялық технологияларды балабақшада қолданудың тиімділігі бұл – мектепке дейінгі білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігі ұстанымдарын қамтамасыз етуге және балалардың зияткерлік, коммуникативтік, адамгершілік, эстетикалық -дамуына бағытталған білім беру салаларын кіріктіруге бағытталғанын ерекше атап өтті.
Шарада жаңартылған білім беру мазмұнының негізгі ерекшеліктері, кіріктірілген оқу қызметтерін ұйымдастыру, орыс, ағылшын тілдерін стандарт талабына сәйкес оқыту мәселелері сөз болды. Балалардың алғашқы білім, білік, дағдыларын қалыптастыруда заманауи әдістерді енгізу тиімділігіне баса назар аударылды. Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту мәселелері бойынша ата-аналардың педагогикалық сауаттылығын арттыру шараларын  күшейту қажеттігі сөз етілді.
Шара барысында жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес оқыту қызметіне инновациялық түрлі әдістемелерді енгізу, әдістемелік қызмет сапасын  арттыру мәселелері жан-жақты талқыланып, ұсынымдар қабылданды. Ұйымдастырушылар семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталып, мұндай тәжірибе алмасу бағдарламалары жиі өтетінін жеткізді.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 ақпан 2017 г. 531 0