
Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінде ҚР Халық әртісі, "Құрмет” орденінің иегері Серік Шотықовтың 80 жылдығына орай "Әдебиет, өнер, мәдениет қайраткерлері” коллекциясының жеке тектік құжаттарынан дайындалған көрме өтті.
Облыстың қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен өткен шараға колледж директоры Марат Тобашев, архив басшысы Гүлшат Ахметова, С.Шотықовтың жұбайы Хафиза Мұсабекқызы мен облыстық филармонияның режиссер-сценаристі Оңталап Нұрмаханов қатысты. Шара барысында қатысушылар әртістің еңбек жолын, актерлік шеберлігін баяндайтын бейнебаянды тамашалап, өткен күннің шуақты естеліктерімен бөлісті.
– Серіктей сахна саңлағымен бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кештік, «шәй» деспей тату тұрдық. Ұл-қыз тәрбиелеп, оларға өнегелі үлгі көрсеттік деп ойлаймын. Ал оның актерлік өнері жайлы әңгіме бөлек. Ол театр жұмысына ыждағаттылықпен қарайтын. Содан болса керек, ол сомдаған 250-ден астам рөлдің әрбірі сәтті шығып, жалпақ жұртты сүйсіндірді. Серік ешқашан өнерге деген махаббатын жоғалтқан жоқ.
Актермен қызметтес, сыйлас інісі болған Оңталап Нұрмаханов та Серік Бариұлының қарапайым жүргізушіден, танымал әртіске айналғанын, жаны жайсаң, иіні жұмсақ, үлкен-кішіге сыйымды, ортасына сүйкімді жан болғанын айтты. Шара соңында С.Шотықовтың жеке тектік құжаттары архив қорына тапсырылып, қатысушылар театр тарихынан сыр шертетін фототуындыларды тамашалады.
Мөлдір СНАДИН.