Қызылордада «Жаңа бизнес ашуды қолдау» оқыту жобасының бірінші кезеңі аяқталды. «Даму» Қорының оқыту жобасы кәсіпкерлік бастамасы бар халықтың әлеуетінің ашылуына жәрдемдесу арқылы олардың болашақта табысты бизнеске айналатын Стартап жобаларын құруға, сондай-ақ бастауыш кәсіпкерлердің қаржыландыру көздеріне қол жеткізуін жеңілдетуге бағытталып жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Қатысушылар кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрену үшін облыстың барлық өңірінен жиналды. Бизнес бастауға ұмтылғандар осылайша бір алаңда бас қосты.
Семинардың жоғары деңгейде өтуі үшін арнайы Астана қаласынан шақыртылған бизнес-тренер қатысушыларға шағын және орта бизнес құру бойынша өз біліктілігімен бөлісті. Семинар барысында практикалық жаттығулар қолданылып, соның көмегімен қатысушылар кәсіпкерлікке машықтанды. Қатысушылар топпен бірге және жеке-дара да жұмыс жасауды үйренді.
Бизнес-тренердің тапсырмасы бойынша қатысушылар алты топқа бөлініп, өздігінен құрған бизнес-жоспарларын оқу барысында инвесторлар алдында таныстырды. Болашақ кәсіпкерлер ұсынған бизнес-идеялар түрлі бағытта ұсынылды, оның ішінде бірі мал шаруашылығымен айналыса отырып, сүт өнімдерін шығаруды қаласа, өзгесі қызмет көрсету саласын қолға алғысы келетінін жеткізді.
Идеялар кезең кезеңмен жүзеге аса бастады. Үш күндік оқыту семинарының соңында қатысушылар тарапынан өз бизнесін заңды түрде тіркегендері де табылды. Бірден 8 қатысушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден өтсе, 2 кәсіпкер «ЖШС» құрды. Стартаптың қаржы көздеріне қолжетімділігін арттыру мақсатында «Даму» Қорының менеджерлері бизнес бастау мен оны дамытуға жеңілдетілген несие алу механизмін және қайтарымсыз грантқа қол жеткізу жолдарын мейлінше түсіндіріп өтті.
Жоба қатысушысы Ғалия Асанова «Жаңа бизнес ашуды қолдау» оқыту жобасына қатысудан алған әсерімен бөлісті.
– Мен колледжде оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етемін, ендігі жерде алған білімімді іске қолданып, өзімнің жеке балабақшамды ашсам деген жоспарым бар. Осы жобаға қатыса отырып, кәсіпкерлік психологиясынан бастап, бизнес-процесс құруға дейінгі көптеген маңызды ақпараттар алдым, - деді ол.
Семинар-тренингтің барлық қатысушылары күткен әсерлері толық ақталды деп сенімді түрде айтуға болады. Жоба аясында әрбір бастауыш кәсіпкер өзі үшін табысты бизнес құрудың негізі болатындай қажетті ақпараттарға қол жеткуге мүмкіндік алды.