Әкенің аманаты

Әкенің аманатыМен – украин қызымын. Ата-анам Украинадан Қазақстанға тың игеру кезінде көшіп келген. Ата-анам, мен және бауырларым, баршамыз өзімізді нағыз қазақстандықпыз деп есептейміз. Әкем бізге аманат айтқан. Ол: «Қандай заман, қандай жағдай болса да, қазақ үшін ештеңеден тарылма. Мен қазақтан қыз алып немесе қазаққа қыз ұзатсам деп армандаймын» дейтін. Сол арманды мен орындадым.
Қазір қазақ жігітімен отбасын құрып, 5 бала өсіріп отырған бақытты анамын. Жаңақорған ауданындағы «Сығанақ» этнобағыт қоғамдық бірлестіктің белсенді мүшесі ретінде тұрғындарға «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын насихаттаудан жалықпаймын. Ол этнобағыттағы қоғамдық бірлестіктердің басқа аудандарда құрылып, ынтымақ пен бірлікті нығайтуға жұмыс жасағанын қалаймын.
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегенде, ата-бабамыз ынтымақ керектігін айтқан болар деп ойлаймын. Ұлт пен ұлыстың татулығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері дамып келе жатыр. Осындай бейбітшіліктің аясында бүгінде өз кәсібімді дөңгелентіп, халыққа қызмет көрсетудемін.

Светлана НЕЩЕРЕТ,
жеке кәсіпкер.
Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 ақпан 2017 г. 503 0