
Бүгінде елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсетіліп, жүйелі жұмыстар жолға түсіп келеді. Осының арқасында елімізде кәсіпкерлік саласы алға жылжып, келелі істер қолға алынуда. Болашақта біздің биік мақсатқа жетуімізге жол ашып, алар асуымызды айқындайтын міндеттер тұр. Оны ел Президентінің биылғы Жолдауынан айқын аңғаруға болады.
Жолдаудағы екінші басымдық – кәсіпкерлік ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті. Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 млн теңгеге дейін шағын несие ала алады. Бұл жаңа бизнес жобалары бар азаматтар үшін мол мүмкіндік көзі болмақ. Яғни, Жолдауда шағын несие алып шаруасын кеңейтуде кәсіпкерлерге кепілдік жасау мен қызметтер көрсету тетіктерін белсенді пайдалану мүмкіндіктері қарастырылған. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру қажет екендігін ескерткен Елбасы, Қазақстанның әр өңірі кәсіпкерлікті, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсыну қажет екендігіне баса назар салды. Бизнесті дамытуда дамыған елдердің озық тәжірибелері мен стандарттарын енгізу қажеттігі назардан тыс қалмады.
Халықты Жолдауда ұсынылған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мен «Нұрлы жер» бағдарламасының артықшылықтарын ескере келе, мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіпкер ретінде тиімді пайдалануға шақырамын.