ҰРЛЫҚҚА ТОСҚАУЫЛ ТОЛАСТАМАЙДЫ

ҰРЛЫҚҚА ТОСҚАУЫЛ ТОЛАСТАМАЙДЫОблыс прокуроры Халидолла Дәуешовтің төрағалығымен өткен алқада «Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау саласы бойынша өткен жылы ұрлық қылмыстарына қарсы атқарылған жұмыстар және оны тіркеу мен тергеуде заң талаптарының сақталуы» мәселесі қаралды. Алқа мәжілісіне облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов, сондай-ақ алқа мүшелері мен құқық қорғау органдарының және мемлекеттік құрылымдардың басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық прокуратураның басқарма бастығы Ерлан Қожанов баяндама жасап, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Анарбаев, Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Дәулет Беркімбаев, облыстық жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Ибраевтың есептері тыңдалды.
Дерекке сүйенсек, ұрлық барлық қылмыстардың 56 пайызын құрап, облыстағы қылмыстық ахуал аталған қылмыс есебінен күрделене түскен. Ұрлық өткен жылы 6324-тен 5554-ке азайғанымен, ақиқатында олай емес екендігі белгілі болды. Нақтыласақ, топ болып жасалған ұрлықтар екі есе, ал аса ірі мөлшердегі ұрлықтар 10,4 пайызға өскен.
Айта кетерлік жайт, арнайы дайындықпен топ құрып, келісім негізінде жасалған ұрлық қылмыстары барлық қала мен аудандарда артқан. Аса ірі мөлшердегі ұрлық Қазалы, Жалағаш аудандары мен Қызылорда Байқоңыр қалаларында жиілеген. Мысалы, қаламыздағы А.Байтұрсынов көшесіндегі фотостудиядан 7 млн теңгенің техникалық құрал-жабдықтары ұрланған. Студия біріншіден күзетпен қамтамасыз етілмеген. Дәл осындай өз мүліктеріне бейқам қарау 232 дүкен иесі тарапынан орын алып, нәтижесінде 21,6 млн теңгенің мүлкі қолды болған. Осыған орай облыс орталығындағы жекеменшік объектілердің бейнекамера және дабыл жүйесімен қамтамасыз етілуі сырттай тексеріліп, жеке кәсіп субъектілерінің сақтық шаралары өз деңгейінде еместігін көрсетті. Оған дәлел, 1063 сауда нүктесінің тек 149-ы немесе 14 пайызы ғана бейнекамерамен жабдықталған.
Облыстық прокуратура қалыптасқан жағдайға байланысты «бейнекамера – қоғамдық қауіпсіздік кепілі» жобасын әзірлеп, тиісті шараларды белгілеген. Жобаның мақсаты – бейнекамера санын арттыру арқылы қоғамдық орындарда қылмыспен қатар ұрлыққа да тосқауыл қою. Осы ретте кәсіпкерлер өз объектілерін толықтай бейнекамерамен қамтамасыз етіп, дабыл жүйесіне қостырса, құба-құп болар еді. Жобаға сәйкес, қоғамдық орындарда, көшелер мен көпшілік жерлерде бейнекамера санын 1000-ға жеткізу көзделуде.
Аталған жоба аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолы кесіп өтетін аудандар мен ауылдардың кіретін және шығатын жолдарына бейнекамералар орнату туралы бастама көтеріліп, ол жөнінде облыс әкіміне хат жолданған. Өйткені, ұрланған мал көліктерге тиеліп, Қызылорда, Түркістан, одан әрі Шымкент қаласына осы трасса арқылы жөнелтілуде. Мысалы, жыл басынан бері Жаңақорған ауданының Қожакент ауылынан он бір тұрғынның 42 бас ірі қарасы бір мезгілде өрістен ұрланып, оларға 6 млн теңгенің үстінде шығын келтірілген.
Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі – көпқабатты үйлерге магниттік есік жапқыштар, яғни, домофон қондыру. Бүгінде қаладағы 705 көпқабатты үйде 3095 кірер есік немесе подъезд бар десек, соның тек 1064-і ғана осы қондырғымен қамтамасыз етіліпті.
Қылмыстың алдын алуда облыстық прокуратура әзірлеген тағы бір жоба – «Полиция – халықпен бірге» деп аталады. Жобаның мақсаты – полицияны, оның ішінде учаскелік полицейлерді халыққа жақын етіп, сенімін арттыру, қылмыс жиі орын алатын аймақтардағы қылмыстылық ахуалды тұрақтандыру. Жобаға сәйкес учаскелік полиция пункттері ғимаратының жаңа нұсқасы жасалған. Оның басты ерекшелігі – көзге көрінетін, халыққа қолжетімді жерде орналастыру. Бұл бастамаға байланысты да облыс әкіміне хат жолданған.
Жасыратыны жоқ, қылмыстың ұрлық түрінің әшкере етілуі ешқандай сын көтермейді. Айталық, аймақтағы тіркелген әрбір он ұрлықтың тек біреуі ғана ашылып, ол 18,6 пайызды құрайды. Республикадағы орта көрсеткіш 32 пайызға тең десек, облыстың көрсеткіші одан көп төмен. Өткен жылы аталған санаттағы қылмыс салдарынан келтірілген шығынның өндіру тиімділігі небәрі 12,5 пайызды ғана құраған.
Алқа мәжілісінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитов, облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов аталған қылмыстың алдын алудағы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ алқада жағдайды мұқият талдау және проблемаларды шешудің жолдарын талқылау нәтижесімен алдағы уақытта іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы ұсыныс енгізді.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 ақпан 2017 г. 542 0