Солтүстік аудандарда болды

Солтүстік аудандарда болдыӨткен аптада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Абзал Мұхимов жұмыс сапарымен солтүстіктегі қос ауданда болды.
Алдымен департамент басшысы Қазалы ауданындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңейтілген мәжілістің отырысына қатысты. Жиында Абзал Сансызбайұлы департамент пен сыбайлас жемқорлық профилактикасы және Әдеп жөніндегі кеңес бойынша 2016 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама оқыды. Сондай-ақ «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрестің алдын алуға және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға ерекше мән берілгенін жеткізді. Сөзінің соңында А.Мұхимов ағымдағы жылдың І жартыжылдығында өткізілетін «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін кешенді аттестаттау барысы туралы да айтып өтті.
Мұнан соң ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы  Арал ауданына барды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен алқалы басқосуда Абзал Мұхимов Жолдаудағы басымдықтарға жеке-жеке тоқталып, Елбасы қойған міндеттердің маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар, департаменттің былтырғы жылы атқарылған жұмыстары туралы баяндап, «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілері арасында өтіп жатқан кешенді аттестаттау туралы деректермен бөлісті.
Сапар барысында Абзал Сансызбайұлы «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауға 12 тұрғын келді.  Олар жұмыссыздық, аудандағы уақыт белдемесіне қатысты мәселелер бойынша өтінішін білдірді. Департамент басшысы оларды толғандырған мәселенің заң аясында шешуге ықпал жасайтынын,  бақылауға алатынын жеткізді.
Сапар соңында А.Мұхимов Сексеуіл кентіндегі «Сексеуіл локомотив жөндеу депосы» ұжымымен де кездесті.
 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы, Арал аудандары.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 ақпан 2017 г. 460 0