Жер телімін заңдастыруға көмек көрсетті

Жер телімін заңдастыруға көмек көрсеттіЖақында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына жеке кәсіпкер Санжар Жұбаниязовтан кәсіпкерлік үшін жер учаскесін қысқа уақытта заңдастырып алуға көмек көрсеткені үшін палатаға алғысын білдірген хат келіп түсті.
Яғни, аукцион арқылы жеңімпаз болып танылып, қол жеткізген жер учаскесін заңдастырып, меншігіне тіркеу барысында кедергіге ұшыраған кәсіпкер шарасыздықтан өңірлік Кәсіпкерлер палатасына жүгінген болатын.  Палата сарапшылары өтінішке сәйкес барлық тиісті жұмыстарға сүйемелдеу жасап, кәсіпкердің аз уақыттың ішінде жер учаскесін заңдастыруына қол жеткізді. Палата қызметіне ризашылығын білдірген жеке кәсіпкер Санжар Жұбаниязов, өзінің бизнес жобасын жүзеге асыру барысында көрген кедергілері мен өңірлік палатаның жасаған қолдауын басқа да өзі секілді қиыншылықтармен бетпе-бет келіп жүрген кәсіпкерлерге септігі тию үшін БАҚ-та жариялауға рұқсатын берді.
Мәселе былай болған: 2016 жылғы шілде айында қалалық жер қатынастары бөлімі жариялаған аукционның қорытындысы бойынша жеке кәсіпкер Санжар Жұбаниязов жеңімпаз деп танылып, келісім-шартқа отырады. Ол Қызылорда қаласы, Мерей мөлтек ауданындағы жер учаскесін спорт алаңы құрылысын салу мақсатында алып, жалға алу құны 738 758 теңге (жеті жүз отыз сегіз мың жеті жүз елу сегіз) ақша төлеген.
Алайда бұдан кейінгі 7 ай көлемінде қалалық жер қатынастары бөлімінен заңдастыруға қажетті құжаттарды ала алмай, тиісті құрылыс жұмыстарын мерзімінде жүргізе алмай жүреді. Бөлім қызметкерлеріне бірнеше рет хабарласып, барып құжаттардың дайын болу мерзімін сұрағанымен, тұщымды жауап ала алмайды. Кәсіпкер: «Мәселемді бөлім басшысының қабылдауында айтқанымда шешіледі дегенімен, одан да нәтиже болмады. Аталмыш бөлімге жазылған хаттан да жауап болған жоқ», - дейді. Әр кабинеттің есігін қағып шаршаған кәсіпкер Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрайды.
Палатадағы Жобаларды сүйемелдеу бөлімі мамандары мәселені зерттеу барысында тіпті кәсіпкерге берілуге тиіс құжаттардың әзірленбегені де анықталды.
Палата мамандарының араласуынан кейін мәселе оң шешімін тауып, кәсіпкер 1 айдың ішінде тиісті құжаттарын ала алды. Осы ретте, кәсіпкер «Өңірде өз ісін ашу арқылы экономикамызды дамытуға үлес қосқысы келетін мен сияқты азаматтарға көмек көрсетіп отырған Палатаның білікті мамандарына айтар алғысым шексіз. Мәселем жедел әрі, оң шешілді», - дейді.

Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 ақпан 2017 г. 467 0