
Жыл басынан бері облыста 10 кәсіпкердің жобасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында кешенді қолдау тапты. Металлургия өнеркәсібі, киім және тамақ өнімдерін өндіру салаларында қызмет көрсететін кәсіпорындар екінші деңгейлі банктерден несие алып, оның пайыздық үстемесін 7-ден 10 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік алды.
Кәсіпкерлердің 70 пайызы кепілзат жетіспеушілігінен туындаған мәселесін жартылай кепілдендіру құралының көмегімен шешіп отыр. Екінші деңгейлі банктерден қаражат тартуға қажетті кепілдемені кәсіпкерлерге «Даму» қоры ұсынды.
Жеке кәсіпкер Жандос Жәркеев «Даму» қорының субсидия және жартылай кепілдендіру секілді қаржы құралдарының көмегімен өз бизнесін дамытпақ. Көп жылдан бері типографиялық және полиграфиялық өнім өндіру саласында бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің басты мақсаты жалға алынған ғимаратта орналасқан цехын кеңейту болған. Мемлекет қолдауы нәтижесінде «ForteBank» АҚ облыстық филиалы рәсімдеген несиеге жеке кәсіпкер Жандос Жәркеев арнайы жабдықталған ғимарат алып, өз бизнесін ұлғайтуды көздеп отыр.
Ал Қармақшы ауданының кәсіпкері Бахыткүл Бексейітова «Даму» қорының 50 пайыз кепілдемесімен «Сбербанк» АҚ облыстық филиалы арқылы 20 млн теңге көлемінде несие рәсімдеп, айналым қаражатын толықтырды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкердің несиесі мемлекет тарапынан субсидияланды. Нәтижесінде несиенің пайыздық үстемесі 5 пайызға дейін төмендетілді. Б.Бексейітованың айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау кәсібінің кеңеюіне жағдай туғызды.