«BASTAU бизнестің» бастамасы

«BASTAU бизнестің» бастамасыОблыстық кәсіпкерлер палатасы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында айлық оқу курсына қатысуға ниеттілерді тіркеуде.
Аталған бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағытындағы «Bastau Бизнес» жобасы бойынша іскерлік негіздеріне оқыту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жұмыстары жүргізіледі. Яғни, 1 сәуірден бастап Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі және Жаңақорған аудандарында «Bastau Бизнес» компоненті бойынша оқу курсы басталады. Айта кетейік, бір айға жалғасатын курс тегін жүргізіледі.
Оған аталған өңірлердегі жұмыссыз жүрген жандар (жұмыспен қамту орталығына тіркелу міндетті емес), сондай-ақ, кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қатыса алады. Бастысы, «Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтетін қатысушыларға мемлекеттік бағдарлама аясында арнайы шәкіртақы төленеді.
«Bastau Бизнес» жобасының басқа компоненттерден ерекшелігі – қатысушыларға оқу курсынан өткендігі туралы сертификат береді. Бұған қоса, өз ісін ашамын деушілерге барынша қолдау көрсетеді. Сондықтан да жобаға қатысушылар аталған курстан өтпес бұрын алдын ала сынақтан өткізіледі. Облыстық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімі басшысы Салауат Құлмаханның айтуынша, бағдарламаға қатысып, өз ісін ашқан азаматтар жаңа жұмыс орнын ашуға міндеттеледі.
Курс барысында бизнес-тренерлер кәсіпкерлік негіздерін оқытып қана қоймай, саладағы заңнамалар, маркетингтік стратегия, салыққа қатысты жаңа мәліметтермен қамтитын болады. Сондай-ақ, өз ісін бастаушы талапкердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелуіне, бизнес-жоспарларын әзірлеп беруге көмек көрсетіледі.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдаламасының ережесіне сай оқу курсына қатысушылар одан әрі «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры», «Аграрлы-несие корпорациясы» секілді акционерлік қоғамдардың облыстық филиалдары қаржыландыратын микроқаржы ұйымдары тарапынан ұсынатын несиеге қол жеткізе алады.  «Bastau Бизнес» жобасына Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі және Жаңақорған аудандарынан қатысатын тұрғындар аталған аудан орталықтарында орналасқан облыстық кәсіпкерлер палатасының филиалдарына барып, тіркелуі тиіс. Өз кезегінде кәсіпкерлер палатасы мамандары салаға қатысты сауалдарға жауап беріп, құжат дайындауға жан-жақты қолдау көрсетеді. Сұрақ туындаған жағдайда 59-79-60 немесе 40-09-81 байланыс телефондарына хабарласып, палатаның сарапшысы Жанат Матерзаевадан кеңес алуға болады. Оқу курсының кестесімен осы жерде таныса аласыз.

Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 ақпан 2017 г. 633 0