
Қазіргі таңда аудан орталығына жақын орналасқан іргелі қоныс Ғани Мұратбаевтың есімімен аталады. Бұл елді мекен өзінің әсем сәулеті, көрікті келбетімен ерекшеленеді. Округ әкімі Берік Бисенбаев мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинақтаған, өз міндетін пісентті атқаратын азамат. Берік басшылық жасайтын елді мекенде көркейту, абаттандыру, сәулеттік келбетін ашу, автокөлік жолдарын жөндеу жайы шешімін тапқан. Түнгі жарықпен қамтылған ауыл бейнесі тым көркем. Жазда мұндағы жапырағы жайқалған жасыл белдеулер, желмен тербелген гүлдер, түнгі жарық шамдары, шағын сәулеттік кескіндер, «Ғани» саябағындағы мәдени шаралар өткізілетін, тұрғындар тынығатын, балалар ойнайтын демалыс орындарын көргенде өзіңізді іргелі шаһарда жүргендей сезінесіз.
Ауылдың көркі қыс мезгілінде тіпті шырайлана түседі. Орталық саяябақтағы мұз қалашығы алыстан жанарыңды арбайды. Үлкен шыршаның маңындағы қардан мінсіз жасалған аққала, аяз ата, ақшақар, балалардың ойын алаңқайы, Бәйтеректің монументі, тағы басқа ғажап көріністер баршаға ерекше көңіл-күй сыйлайды.
Елді мекенде көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапқан. «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырына қосылған ауыз су іркіліссіз беріледі. Ауыл тұрғындары телефон байланысымен қамтылған. Мұратбаевта екі қолға бір күрек таба алмай жұмыссыз жүргендер жоқтың қасы. Тұрғындардың басым бөлігі «РзаАгро» ЖШС-да, бюджеттік мекемелерде еңбек етеді. Жеке мал ұстап ата-баба жолын жалғастырып отырғандар да жеткілікті. Жолаушылар тасымалы, кәсіпкерлік саласы айтарлықтай дамыған.
Іскер жандардың арасында мемлекет тарапынан берілген жеңілдіктерді ретті пайдаланып шаруасын дөңгелеткендер де баршылық. Солардың бірі ауыл тұрғыны Жеңісбек Қалиев десек, артық емес. Жігерлі жігіт жылқы өсіруді қолға алған. Алғашқыда жеке иелігіндегі Қамбар ата тұқымын бағып, қымыз өндіру жұмысымен айналысыпты. Емдік қасиеті мол, дәруменге бай, ішсең, таңдайыңда бал татыған Қалиевтар отбасы әзірлеген қымыз тұтынушы талғамынан табылғанға ұқсайды. Кейін кәсіпкерлік қадамын ныға¬туды мұраттаған Жеңісбек несие алуға бел буған екен. Осылайша өткен жылы «Құлан» бағдарламасымен 10 млн теңге несие иеленді. Ақша бар, енді не істеу керек? Отбасымен ақылдасқан кәсіпкер жігіт қолдағы қаражатқа 34 бас бие, 4 бас асыл тұқымды айғыр сатып алды.Нақты кезеңде иелігіндегі малды қыстан шығынсыз шығаруға тер төгуде.Келешекте мал басын төлі есебінен көбейтіп, бордақылауға бет бұрмақшы. «Жеңісбек келіншегі Кенжесұлумен бірге үш перзент тәрбиелеп отыр. Кәсіпкерлік жұмыстарына анасы Шамшырақ бағыт-бағдар беріп отырады» дейді өзіміз тілдескендер. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп тегін айтылмаса керек.