Биыл 10 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі

Биыл 10 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледіОрталық коммуникациялар қызметінде  өткен баспасөз мәслихатында Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов халықты баспанамен қамтамасыз ету және тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету үшін жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасының әзірленіп, қабылданғанын хабарлады. 
– Бағдарламаның негізгі бағыты – Жеке тұрғын үй құрылысына қолдау көрсетуі.  Ол негізігі бес міндетті іске асыруды көздейді. Азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысына инженерлік-инфрақұрылымы дайындалған жер телімдері бөлінетін болады. Инфрақұрылымды салуды мемлекет қамтамасыз етеді. Мемлекет халық үшін ипотеканың құнын пәтер сатып алу кезінде 
10 пайызға дейін және жеке тұрғын үй сатып алу кезінде 5 пайызға дейін   азайту үшін «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ арқылы субсидияларды ұсынатын болады, – деді комитет төрағасы.  
Сонымен бірге ол брифингте құрылыс салушылармен тұрғын үй салуды ынталандыру үшін  несиелер бойынша «Даму» АҚ арқылы 7 пайыз мөлшерінде субсидиялар ұсынылатынын атап өтті. 
– Әкімдіктер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушылары үшін несиелік тұрғын үйлер және халықтың  әлеуметтік жағдайы төмен тобына сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үйлер салуды одан әрі жалғастыруды көздеп отыр,– деді М.Жайымбетов.
Оның айтуынша, қабылданған шаралардың аясында 15 жылда 1,5 млн. отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр. 
2017 жылы 10 млн. шаршы метрден астам, оның ішінде мемлекеттік инвестициялар есебінен 1,6 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру туралы шешім қабылдады.
«Нұрлы жер» бағдарламасы Мемлекет басшысының 2016 жылдың  9 қыркүйегіндегі тапсырмаларының және 2017 жылдың 31 қаңтарындағы халыққа Жолдауының  аясында бекітіліп, іске асырылып жатыр. Бағдарламаның аясында құрылыс салушылардың несиелері бойынша Үкіметтің 7 пайыздық сыйақы мөлшерлемесін жабуды көздеп отыр. Осындай кредиттер есебінен 600 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Үйлердің 50 пайызы тұрғын үй құрылыс жинақжүйесі арқылы Астана мен Алматы қалаларында 260 мың теңгеге дейін және басқа өңірлерде 220 мың теңгеге дейін бекітілген баға бойынша іске асырылады. 
–Былтыр 10,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға немесе 8,9 млн. шаршы метрге артты. Шамамен 89 мың тұрғын үй, оның ішінде 36 мың жеке тұрғын үй салынды.
Мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысын және  инфрақұрылымды дамытуға 438,7 млрд. теңге бөлінді. Ұлттық қордан  399,3 млрд. теңге, республикалық  бюджеттен  16,6 млрд. теңге және Үкіметтің арнайы резервінен 22,8 млрд. теңге бөлінген болатын.  Осы қаражаттан жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 82 млрд. теңге, кредиттік тұрғын үй құрылысына 129,8 млрд. теңге, коммерциялық тұрғын үй құрылысына 97 млрд. теңге, тұрғын үй құрылыс жинақ банк салымшыларын несиелеу үшін 22 млрд. теңге мен инженерлік желілердің құрылысына 107,8 млрд. теңге берілді.
Нәтижесінде мемлекеттің қаражаты есебінен 966,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл 14 469 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге және 20 мыңнан астам жұмыс орнын қашуға мүмкіндік берді, – деді ол.
Сонымен бірге ол үйлерін одан да жақсы баспанаға ауыстырғысы келетін азаматтардың көбейгенін айтты. 
–Олардың көбі әкімдіктерде кезекте тұрғандар.Қазір 400 мыңнан астам адам осы кезекте тұр. 800 мыңнан астамы  – Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің салымшылары, 1,3 млн. астамы  – 10 соттық жерге кезекте тұрғандар, – деді М.Жайымбетов.

.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 ақпан 2017 г. 639 0