
Кез келген студент атанған шәкірттің бос уақытында өзі ұшқан алтын ұясына сәлем беріп шығуы байырғы дәстүр. Сондай оймен мен де қысқы демалысымда өзім бітірген білім ордама бас сұққан болатынмын. Алдымнан күлімдеп шыққан ұстаздарымды көріп мәре-сәреміз. Күні кеше ғана бақытты балалық шағымның куәсі болған ғимарат сондай ыстық. Дағарадай кең залдың әр түкпірінен өткен күннің елесі қылаң беретіндей. Қазір анау бұрыштан егіз қозыдай білім нәрін бірге емген арда сыныптастарымның біреуі шыға келетін секілді. Бірақ, амал нешік…
Мектептің «Жетістіктер галереясы» атанған құрмет тақтасына көз жүгіртіп келемін. Мұзтау¬лардың мұзартына шыққан шәкірттердің қай уақытта да осынау шаңырақтың мақтанышы екені сөзсіз. Көбісі таныс бейнелер. Біз мектеппен қоштасқан аз ғана уақыт ішінде оқушыларының облыстық, республикалық сайыстарда топ жарғандығын мақтанышпен көрсетіп қойған ақжүрек мұғалімдерге қалайша риза болмассың.
Бір уақытта осынау жетістіктер тізбегінен «Облыстық, республикалық «Тіл дарын» сайыстарының жеңімпазы Жеткерген Жаншораев» деген есімге назарым ауды. Өзі жап-жас жігіт. Оқушы дейін десем мектептің әзірге соңғы түлектерінің бірі менмін. Ал, өзімнен кейінгі буынның түгелге дерлігін танимын. Жанымда тұрған мектеп мұғалімінен сұрастырсам биыл ғана жұмысқа орналасқан жас маман екен. Онымен қоса «Өзі сондай ақжарқын, салмақты, білімді, бес тіл білетін жігіт» дегенде суретке тағы да үңілдім. Қандай кеш өткізсе де үш тілде еркін жүргізетін жүргізушілері бар білім ошағына қалған ағайын енді көшіп жатқан «үш тілділік» саясаты таңсық еместұғын. Ал «бес тіл білетін білікті маман» дегенде шынымды айтсам таң қалмасқа шарам қалмады.
Арада біршама уақыт өткеннен кейін биязы жігітпен мектеп асханасында танысудың реті де түсті. Әңгіме барысында 1990 жылы Қазалы ауданында дүниеге келгендігін айтты. Жеткерген ұлағатты ұстаз Бердікен Мергенбаев атындағы мектеп-гимназияда алтыншы сыныпқа дейін дәріс алған екен. Алғаш тіл үйренуге деген қызығушылығын танымал ағылшын тілінің білгір мұғалімі Жәмилә Әбжанова апайы ашыпты. Одан кейін Қызылорда қаласындағы қазақ-түрік лицей-интернатына оқуға қабылданған. Аталмыш оқу ордасында ағылшын тілімен қоса түрік тілін де меңгеріпті. «Түрік тілін үйрену қиынға соқпады, себебі қазақ тілінің емлесімен сәйкес келеді. Кей сөздері де ұқсас. Сонымен қатар ортамыз да тілді үйренуге қолайлы болды. Яғни, мұғалімдер мен тәрбиешілердің көбісі түрік азаматтары болатын. Лицейде жүріп ағылшын, түрік әдебиеттерімен таныстым» дегенінде ішімнен әдебиетке жақын-ау деп түйдім. Ішкі түйсігім алдамапты. «Ардың ісі» саналатын әдебиетке мен де бала кезімнен құмартып өскендіктен шай үстіндегі әңгімеміз ажарлана түскендей. Қадыр атамыздың «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген тамаша сөзін жалау етіп ұстаған жігіттің мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының «Шет тілдері» факультетін «Ағылшын және неміс тілдері» мамандығы бойынша мемлекеттік грантпен тәмамдағанынан хабардар болдық. Ал, немісшеге де ағып тұрғанын естігенде «Бәрекелді!» дегеннен басқа шарамыз қалмады. Адамның бойындағы ең ізгі қасиет қарапайымдылық екендігі рас. Сырбаз жігіттің ерекше қарапайымдылығына, сұраған сұрақтарымызға емін-еркін, ашық-жарқын жауап беріп отырғандығына риза болыстық.
«Оқушы кезімде орыс тіліндегі әдебиеттер мен энциклопедияларды көп оқығаныммен, орысша сөйлеуге шорқақтау болатынмын. Ақтөбеде жүріп орысшамды қолдануда біраз сенімділік алдым. Халықаралық форумдарға қатысып, орыс тілін қолдану деңгейімді көтеріп, осы тілде концерттер жүргізетін болдым» деді лингвист жігіт.
«Білім инемен құдық қазғандай» болса, тіл үйрену де оңай шаруа еместігі ақиқат. Ол үшін талмай ізденіс керек. Ізденімпаз Жеткер студент кезінен көптеген өнер, білім сайыстарының жеңімпазы. 2013 жылы облыстық «Тіл дарын» олимпиадасында екінші орыннан көрінсе, арада бір жыл өткеннен соң Ақтөбе қаласында өткізілген «Тіл шебері – 2014» атты үш тілді меңгерген жастар арасындағы республикалық сайыстардың бас жүлдесін қанжығасына байлапты. «Жігітке жеті өнер де аз». Өнерлі жас одан басқа да көптеген облыстық, республикалық пікірсайыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы.
Аталмыш маман еңбек жолын Ақтөбе қала¬сындағы «Нефтяник» балаларды сауықтыру лагерінде тәрбиеші, әдіскер ретінде бастаған. Кейін келе сол қаладағы көпшілікке кеңінен танымал «РИКА» телеарнасының таңғы бағдарламасының жүргізушісі қызметін атқарған. 2012-2013 жылдары ауданымыздағы «Алтындар ұстаханасы» атанған №249 мектеп-лицейге қызметке орналасыпты. Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет атқарып келеді.
«Үш тілді жетік меңгеруім, сонымен қатар түрік, неміс тілдерін білгендігім дәл бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктерімнің сүбелісі деп білемін. Қазіргі уақытта осы тілдермен қоса испан және итальян тілдерін үйреніп қалдым. Еуропаның атақты елдерінің тілдері қызықты әрі тартымды екен. Ғылым мен техниканың, компьютердің негізгі тілі ағылшын тілі. Шет тілдерін қазақ жастарының білгені қазіргі жаһандану заманында өте қажет. Еліміздің ертеңгі болашағы Елбасымыз айтқандай жастардың қолында екендігі сөзсіз» дейді Жеткерген Махмудұлы.
«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деген екен 26 жасында қазақтың таңғажайып ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров. Сол атақты Торайғыр бидің немересінің жасына келіп, жеті тілді еркін иегеріп жатқан Жеткергеннің кез келген қазақтың баласына үлгі боларлығы анық. Ендеше, біз де «Шығар биігің көп болсын, Жеткерген!» деп тілек білдіреміз.
Есет ТАБЫНБАЕВ.