Монополист ақылға сыймайтын соманы қайдан алады?

«ҚазТрансГазАймақ» компаниясының жұмысына көптің көңілі толмайды. ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалындағы қабылдауында негізінен осы мәселе көтерілді. 
Қызылорда қаласының тұрғыны Жұмагүл Сарыбаева үйінің ауласынан монша ашып, жеке кәсіпкерлікке бет бұрған. Алайда, монополист компания оған анау-мынау емес, 25 млн теңге айыппұл салып, аяққа тұсау оратылды. Мұны кәсіпкер әйел «ақылға сыймайтын сома» дейді. «ҚазТрансГазАймақ» өкілдері «Жуас» жеке клиникасына «газ есептегіш талапқа сай емес» деген желеумен 7 млн теңгеден астам айыппұл арқалатып жіберген. Емдеу ұйымының директоры Варлен Төрекеев әу баста өздері құрып берген қондырғының аяқастынан қалайша іске алғысыз болып шыққанына аң-таң. Клиника басшылығы компаниямен тек сотта кездесуге мәжбүр. 
Вице-министр кәсіпкерліктің тынысын ашуға мемлекет мүдделі боп отырған шақта бұлай аяқтан шала берудің орынсыз екенін жеткізді. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаевқа арыз-шағымы жетіп артылатын халықтың ортасына жиі шығып тұруды, кез келген мәселеге жариялы түрде жауап беруді тапсырды. 

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 ақпан 2017 г. 569 0