Жанармайдан шығатын улы қышқылды заттардан пропилен алу тәсілін ұсынды

Жанармайдан шығатын улы қышқылды заттардан пропилен алу тәсілін ұсындыЖанар-жағармайдан бөлінетін ароматты көмірсутектер адам денсаулығына зиян екені бесенеден белгілі. Химия ғылымдарының кандидаты Нұрбол Аппазовтың айтуынша, мұнай өнімдерінен шығатын улы қалдықтар терең өңделуі тиіс, деп хабарлайды www.24.kz.
Еуро-4, Еуро-5 стандарты бойынша жанармай өндіруге бет бұрған Қазақстан үшін өндірісті мұнай саласын ғылыммен ұштастырған абзал. Осы ретте сырбойылық ғалым Нұрбол Аппазов бензин-дизельден шығатын улы қышқылды заттардан арнайы процесс арқылы пайдалы пропилендер алудың тәсілін ұсынып отыр. Яғни зертханалық жолмен алынған элементтерден шыбын-шіркей, масадан қорғаныш препараттары жасалады. Сондай-ақ тағы бір компоненттерін тағамды ұзақ сақтау үшін қолдануға болатынын ғылыми түрде дәлелдеді. Енді алда жобасын өндіріске қосу жоспары тұр.
Нұрбол Аппазов, «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі:
- Қазіргі таңда патент алуға өтінім беріп қойдық. Алдағы уақытта ғылым комитетінің қолдауымен гранттық қаржыландыру конкурстары болады. Соларға қатысып, зерттеулер жүргізуге ұсыныс береміз. Егер сол конкурстан өтіп жатсақ, алдағы уақытта өндіріске ұсыну ойымызда бар.
Қызылордалық жас ғалым Нәзігүл Сәтбаева күнделікті қоқысқа тасталатын полимер ыдыстар мен полиэтилен қаптамалардың топырақта жүз жыл бойы шірімейтінін айтады. Ізденуші аталған тұрмыстық қалдықтардан химиялық реакциялар арқылы көлік доңғалағының желімін және жиһаздың беткі қабатын сырлайтын бояу жасаудың жолын тауып отыр.
Нәзігүл Сәтбаева, «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана инженері:
- Қазіргі таңда жүріп жатқан процесс эпоксидтеу деп аталады. Бұл процесс 75-95 градус арасында 4 сағатта жүргізіледі. Осы өнімнің нәтижесінде эпоксид шайырын аламыз. Эпоксид шайыры тұрмыста көп қолданылады. Яғни желім ретінде қолданылады, лак ретінде қолданылады.
Ел экономикасын алға сүйрейтін индустриалды-инновациялық жобаларға ұдайы ғылыми жаңалықтар енгізілсе ғана жемісі еселей түспек. Осы ретте Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен ашылған ғылыми-техникалық зертхана қызметкерлерінің отандық өндіріске қосар тың жаңалықтары көп болмақ.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 ақпан 2017 г. 637 0