Қарақұйрық аулаған браконьерлер қолға түсті

Қарақұйрық аулаған браконьерлер қолға түстіАғымдағы жылдың ақпан айының 15-25 күндері аралығында экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында өткізіліп жатқан «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында «Қызыл кітапқа» енгізілген  қарақұйрық аңын аулаған браконьерлер қолға түсті.
Оқиға 2017 жылғы ақпан айының 21-нен 22-не қараған түні сағат 05.00 шамасында орын алған. Қызылорда ОІІД Жергілікті полиция қызметі  табиғатты қорғау полиция бөлімінің қызметкерлері мен Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің жедел топ мамандарының бірлесіп жүргізген рейдтік жұмыстары барысында  Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Іңкәрдария ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 60 шақырым қашықтықтағы далалық жерде «Toyota Land-Cruiser» маркалы автокөлігі тоқтатылады. Автокөлікке қарау жүргізу барысында көліктің жүксалғышынан 33 дана қоянның және 2 дана қарақұйрық аңының өлі денелері анықталды.  Сонымен қатар 2 дана аңшы мылтығы мен 19 дана оқтар айғақ зат ретінде алынып, тәркіленді.
Оқиға орнынан 1986 жылы туылған автокөлік жүргізушісі мен 1985 жылы және 1992 жылы туылған жолаушылары ұсталып, оларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Егер де сезіктілердің кінәсі дәлелденген жағдайда, олар сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген аң түрлерін аулағаны үшін  белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 5000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға (11 миллион 345 мың теңге) не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
 
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 ақпан 2017 г. 807 0