Бүгін облыс әкімдігінің ахуалдық орталығында автокөлік жолдарының жай-күйі мен мәселелерін талқылаған жиын өтті. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов жүргізген шараға ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитеті төрағасы Әсет Асанбаев, сондай-ақ, көлік саласына қатысты облыстық құрылым, құқық қорғау орган басшылары қатысты.
Облыс аумағында 476 шақырым облыстық, 1770 шақырым ауданаралық маңыздағы жолдар бар. Олардың 840 шақырымының жағдайы қанағаттанарлықсыз. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Бәйімбетовтың айтуынша, жолдарды жөндеуге жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінуде. Дей тұрғанмен, күн тәртібінде тұрған мәселе көп. Белгілі нәрсе, жолдың сапасыздығы кейде өкінішті жағдайларға себепші боп жатады. Бұл орайда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі көңілден шыққанымен, оны күтіп-баптау аса маңызды. «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директоры Ерұлан Жүнісовтың мәліметінше, су жаңа жолды өз қалпында ұстау жұмыстары үздіксіз жасалуда. Дей тұрғанмен, қысқы уақыттары техниканың жетіспеушілігі байқалады. Күн жылыда екібастан автокөліктердің салмағы шектеледі. Сондай-ақ, ол күре жолдың Қызылордадан оңтүстікке қарай бөлігі болашақта ақылы болатынын жеткізді. Яғни, жүргіншіге бар жағдай жасалады, екі жағы қоршалады. Бүгінгідей төрт түліктің жолда «жайылуы» тоқтатылады.
Ал, облыстық көлік бақылау инспекциясы басшысы бүгінгі күннің түйінді мәселелерін тарқатып берді. Оның сөзінше, түзу жолды қисық еткісі келетіндер азаймай отыр. Яғни, өткен жылы 1600-ден астам құқықбұзушылық тіркелген. Тиісінше салынған әкімшілік айыппұл көлемі 107 млн. теңгеден асқан.
– Көбінесе жаз мезгілінде инертті құрылыс материалдарын тасымалдаушылар тәртіпті сақтамайды. Жеке тасымалдаушылар, тіпті, көлік жабдықтарын өзгертіп алған бірнеше дерек кездесті. Инспекция тарапынан тексерулер ұйымдастыру үшін жол жиегінде алаң жоқ. Сондай-ақ, жақын маңынан автотұрақ тағы таба алмайсың. Мұның барлығы өз кезегінде жұмысқа теріс әсерін тигізеді. Әрине, біз мүмкіндікке сәйкес жұмыс істейміз. Өкініштісі, ауыр жүк көліктерінің кей жағдайда тоқтамай кететін оқиғалар сирек. Сондықтан да, құқық қорғау органдары бұл орайда қолдау көрсетсе, – деді облыстық көлік бақылау инспекциясы басшысы Ержан Жолдасов.
Облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Әмір Шаймағамбетов инспекция өтінішін толыққанды қанағаттандыру мүмкін еместігін айтты. Яғни, бүгінгі таңда жергілікті полиция инспекторлары көліктерді жүк салмағына бола тоқтата алмайды. Тәртіп сақшыларына ондай құзірет қаралмаған. Сондай-ақ, Әмір Шаймағамбетов Қызылорда-Жезқазған жолы арасында елді мекендер, тіпті, байланыстың жоқтығы құтқару жұмыстарын кешеуілдетіп, қайғылы оқиғалардың орын алуына себепкер екенін айтты.
Жиын соңында Көлік комитеті төрағасы Асет Асанбаев айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерілетінін жеткізді.
Н.САУЯЕВ.