2017-2020 жылдары Қызылорда облысында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Осыдан соң электр энергиясына қажеттілік едәуір артады.
Бүгін Президент Жолдауын насихаттау мақсатында ақпараттық-насихаттық топ мүшелері «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК ұжымымен кездесті. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы, облыстық «Энергия» консорциумының төрағасы Мұхитжан Кәрімбаев инвестжобалар қатарындағы шыны зауыты мен Сырдарияның сол жағалауындағы инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысын ерекше атады.
– Қызылорда жылу электр орталығында қуаттылығы 100 МВт, Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде 20 МВт болатын газотурбиналық станцияның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Бұл бағытта инвесторлармен келіссөз жүргізілуде, – деді М.Кәрімбаев.
ҚР Энергетика вце-министрі Мағзұм Мырзағалиев облыстағы оң өзгерістер көңіл қуантатынын жеткізді. Соның бір ғана мысалы, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 2015 жылмен салыстырғанда былтыр 1,2 есе өсті. Осылайша Астана қаласынан кейінгі орыннан көрінді.
Елбасы көрсеткен даму жолы – Қазақстанның үшінші технологиялық жаңғыруы экономиканы цифрландыруға, ақпараттық технологиялардың жаңа салаларын құруға, дәстүрлі өнеркәсіпті озық технология деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді. Бұл міндет энергетика саласын да айналып өтпейді.
– Желілер мен құрылыстардың орташа тозу деңгейі – 66 пайыз. Қызылорда электр тораптарын тарату компаниясының инвестициялық бағдарламасына сәйкес 2016-2020 жылдары 270 шақырым электр желілері жаңғыртылады. Автоматтандырылған жүйемен қамту көрсеткіші тұрмыс деңгейінде 1,63 пайыздан артпайды. Осы бағытта жұмысты жалғастыру қажет, – деді М.Мырзағалиев.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.