« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Той. Бұрын той десе шаңырақ көтеріп, отау құрған жастар көз алдымызға келетін. «Бәрекелді, ата-анасының арманы орындалды, ұрпағы жалғасатын болды» десіп, ағайын-туыс айрықша қуанатын. Егер қыз ұзатылып жатса, өрісіміз кеңейіп, өркеніміз жайылады деп көңілдерін бірлейтін. Ара-тұра ағайын арасында сүндет той жасап, ұлының азамат болғанын әйгілеп, атқа мінгізіп жататындар болатын. Бұдан басқа тойды біле бермейтінбіз. Десек те, «Шілдехана», «Бесік той», «Тұсаукесер», «Сырға салу», сондай-ақ, бертін келе санамызға сіңген «Күміс той», «Алтын той» сияқты салт-дәстүр, кәде-қаумет түрі көп.
"Ас көп болса, кәде көп" деген ата-бабамыз. Расында, бүгінде осы аталған тойдың бәріне аста-төк дастархан жайылып, ағыл-тегіл адам шақырылады. Асаба сайлап, әнші, биші жалдап, атшаптырым тойханаларда өтеді. Мұндайда "байдың асын байғұс қызғанады" десек, қателесеміз. Бұдан "байғұсқа" келіп-кетер ештеңе жоқ. Бірақ тойдағы ас-ауқаттың айналасында ысырапшылдық көп екені рас. Кезінде әжелеріміз, ата-анамыз "судың да сұрауы бар" екенін күн сайын есімізге салып отыратын. Алайда бүгінде дәл осындай ұқыптылықтың, ыждағаттылықтың ізі де қалмай барады.
Қайсыбір той болмасын, кем дегенде үш жүздей адам болады. Жиылған көпшілік бірін-бірі жыға танымаса да, бір дастархан басында отыруға мәжбүр. Ұзын-сонар тілек айтылып, асабаның "ой-өресіне" сай ойын-сауық ұйымдастырылады. Әлеуметтік желі бетінен көзіміз шалып қалады, қарауға көз ұялатын келемеж ойындар қаптап жүр. Одан кімге қандай тәрбие? Арзан ойын, арсыз күлкі... Ақша табудың амалы. Қауқары жеткендер атағы шығып жүрген әншілерді шақырып жатады. Әрине, біздің қазақ "жиған-тергенім тойға шашылсын" дейтін ұғымды ұстанады. Сондықтан тойдан еш аянып қалмайды. Десек те, той өткен соң алыс-беріс дүние-мүліктің, кәде-қауметтің арасында да өкпе-реніштің болып жататыны жасырын емес.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда ең басты қиындық – несие алып той жасау. Дүркіретіп, дүбірлетіп екі-үш күн той тойларсыз, одан соң бірнеше жылға дейін банк алдындағы берешегіңізді өтеуге тура келеді. Осылайша отбасының әлеуметтік жағдайы тығырыққа тіреледі. Тіпті, кей жағдайда сүттей ұйыған ағайын арасына сызат түсіп, бірлігі мен берекесі қашатыны да жасырын емес.
Осы тақырыпты қозғау барысында әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің ойын білген едік. Байқағанымыздай, жалпы жұртшылықтың өзі қазіргі тойларда аста-төк дастархан жайылып, ысырапшылдыққа жол беріліп жататынын айтады. Сондай-ақ, ұлттық ұстынымызға жат даңғаза әуен, дарақы ойындардың да белең алып бара жатқаны елді алаңдатады. Расында, той дегеніміз – ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата дәстүріміз емес пе?! Бұрынғы қазақ тойларында айтыс ұйымдастырып, таңнан таңға жыраулар жырлатып, ат бәйгесін тігіп, көкпар беріп, балуан күрестіріп, жеңімпаздардың мерейін өсіріп отырған. Сондықтан қазақ тойының қалыптасқан мәдениетін бұзуға қақымыз жоқ. Жалт-жұлт еткен жарнамалық шоу-бағдарламадан гөрі тәрбиелік, танымдық мәні бар, ойын болса да ойландыратын шараларға көңіл бөлгеніміз жөн сияқты.
Иә, бүгінгі таңда бұл тақырып қоғамның қызу талқысында. Мемлекеттік лауазым иелері, қоғам қайраткерлерінен бастап, жалпы халық аталған тақырыпқа қатысты өз пікірлерін әлеуметтік желі бетінде білдіріп келеді. Олардың дені еліміздегі той өткізу форматын өзгертіп, даңғазалық пен ысырапшылдықтан арылу қажеттігін айтады.
Бауырлас елдерде де бұл мәселе талқыға салынып, қажетті шешімдер қабылданған екен. Мәселен, өзбек халқында осы жылдан бастап тойларды ықшамдалған түрде өткізу, өнерпаздарды келісімшарт арқылы шақыру және екі әншіден (топ) артық шақырмау жөнінде шешім қабылдапты. Ал Түркия елінде жаңадан шаңырақ құрған жастардың той шығынын көтеруге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі екен. "2015 жылдан бастап некелеспек қыз-жігітке 10 мың лираны (3-4 мың доллардай) 4 жылға үстемақысыз береді. 2000 долларға ең қарапайым той салтанатын өткізуге болатынын ескерсек, мемлекеттің көмегі әжептәуір сүбелі деуге келеді. Бұл көмекті 18-24 жас аралығындағы, қылмысқа қатысы жоқ, шынында мұқтаж жастар ғана иеленеді. Басты талап – қыз бен жігіт үшін бұл бірінші неке болуы шарт. Берілген қаржыны жас жұбайлар бір жылдан кейін өтей бастайды, егер дүниеге бала келсе, төлем тағы бір жылға шегеріледі. Ал, тұтынушылық несие үстемақысы Түркияда 15%-тен аспайтынын айта кету керек. (inbusiness.kz) Әрине, бұл қолдаудың елдегі қоғамдық тұрақтылықты қалыптастыруға, тереңірек ойласақ, демографияның оң өзгерісіне ықпал ететіні даусыз. Айта кетейік, бұл елде тойға әрі кетсе екі жүз шақты адам жиналады. Сондай-ақ, дастархан мәзірі де біздегідей емес. Көршілес қырғыз елінде де той өткізудің заман талабына сай үлгісін қалыптастыру мәселесі жиі талқыланады екен. Бүгінде тойдың бәсекеге айналуы – бұл елде басы ашық мәселе. Аталған деректерге қарап отырып, бізге де той өткізудің жаңаша мәдениетін қалыптастыратын кез жеткен сияқты.
Айта кетейік, дәулетті адамдар үшін той жасаудың түк қиындығы жоқ шығар. Дегенмен, қарапайым отбасылардың қабырғасына бататыны шындық. Бұл жағдайда "аттыға еріп", "жаяудың" асып-тасуының қажеті жоқ. Әркім шама-шарқын білгені дұрыс. Бүгінгі нарықтың талабы осындай. Мұны саналы түрде мойындағанымыз жөн. Десек те, көңілі көлдей қазақтың тойы бітпесін!
Ғазиза ӘБІЛДА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |