Әр қолтаңбасы үшін 1 доллар алған әйгілі ғалым кім?

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген ең әйгілі тұлғалардың бірі – Альберт Эйнштейн. Көзі тірісінде көптеген жетістікке жеткен ғалым Нобель сыйлығын алып қана қоймай, ғылымның ғалам жайлы түсінігін түбегейлі өзгертіп кетті. Оның 300-ге жуық ғылыми мен 150-ге жуық кітабы, сан түрлі мақалалары білімнің әр саласын қамтыған. Ол туралы замандастары түрлі аңыз-әпсана қалдырған. Назарларыңызға ұлы тұлғаның өмірінен сыр шертетін деректерді ұсынамыз.
1. Эйнштейннің ғылымға деген қызығушылығы 5 жасында туған. Бірде ол ауырып қалғанда, әкесі оны жұбату үшін қолына компас берген екен. Бала Альберт құралдың құрылымына қатты қызығып, содан бастап түрлі зерттеулерге ден қойған деседі.
2. Оның музыкаға деген махаббаты ерекше болған. Ол бала кезінде скрипкада ойнауды үйреніп, өмір бойы сол аспапты өзімен алып жүрген.
3. Ғалымның тілін шығарып тұрған суретті көрген боларсыз. Көпшілік бұл суреттен бір мән іздеп, оны талқылауға әуес. Шын мәнінде суретке қатысты оқиға өте қарапайым. 72 жасқа толар шағында суретке түсуден шаршаған Эйнштейн, фотографтардың «күліңізші» деген кезекті бір өтінішіне тілін шығара салған екен. Артынша «бұл менің адамзатқа жіберген жолдауым » деп қалжыңдапты.
4. ХХ ғасырдың ортасында Израиль мемлекеті құрылған шақта еврей ұлтынан шыққан Эйнштейнге ел президенті болу туралы ұсыныс түскен. Тәжірибесінің жоқтығын айтқан ол: « Мен саясаткер емес, ғалыммын» деп ұсыныстан бас тартқан.
5. Өзінің атағын пайдаланып, ғалым бір кездері әр қолтаңбасы үшін 1 доллар ақы алып отырған. Түскен қаржының барлығын қайырымдылыққа жұмсаған.
6. Бірде трамвайда отырып қатты ойланып кеткен ғалым жолақысын дұрыс төлемеген екен. Кондуктор қыз ескерту жасағаннан кейін ғана Эйнштейн қатесін байқап, ақшаны толық беріпті. Оны танымаған қыз күлімдеген күйі: «Түк етпейді ,ата,тек математиканы үйреніп алсаңыз көмегі тиер еді» деген екен.
7. Физик ешқашан шұлық кимегені белгілі. Тіпті, үлкен шаралардың өзіне де шұлықсыз келетін. Бірақ ол өзінің бұл әрекетін ешқашан түсіндірген емес.
8. Ғалым өлер алдында неміс тілінде бірнеше сөз айтқан. Алайда, оған қараушы медбике неміс тілін білмегендіктен, оның не айтқанын түсінбеген және есінде сақтай алмаған.
9. Ол бала кезінде математиканы нашар оқыған деген қате пікір бар. Шын мәнінде 15 жасында дифференциалды және интегралды есептеу жүйелерін жақсы меңгеріп үлгерген.
10. Әйгілі ғалым өмірден өткеннен кейін оның миын Томас Харвей есімді патологоанатом ұрлап кеткен. Ол миды бөлшектерге бөліп, 40 жыл бойы түрлі зертханаларға зерттеуге жіберіп отырған.
ЖАРНАМА 04 ақпан 2020 г. 1 658 0