«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деуші еді... Қазір керісінше келген секілді. Асық ойнайтын бала таппай жүрміз, егер оған бейім болса, епті әрі мерген болар еді. Ал қалталылардың көшін футболшылар бастап тұр. Доп тепкеніңіз табысты болады да шығады. Бәлки, ата-бабамыз «...бәрінен де қой бағып, көтен жеген озар» деп баласының шаруаға бейім болғанын қалаған шығар?! Қалай десек те, қазақ үшін асық айып емес.
Үйретері көп
Райхан Наукеев шаһардағы №235 орта мектепте жұмыс істейді. Дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін ұстаз қосымша ретінде асық ойынын алып жүргеніне 7-8 жылдың жүзі болды. Тіпті республика бойынша алғашқылар қатарында ұлттық құндылықты дәріптеуді қолға алған. Осы күні облыстық асық федерациясы президентінің міндетін атқаруда.
Бүгінде «Райханның шәкіртімін» дегендер республикалық сайыстарда ат оздырып жүр. Атадан балаға мұра болған ұлттық ойын ойнай білгенге тамаша жаттығу деседі.
– Асық – шеберлікке, ептілікке, дәлдікке тәрбиелейді. Ойыннан ұту үшін ортадағы асықты көздейсіз. Ал ату үшін икемделесіз. Ебіңіз жобаға келіп, табан, сан бұлшық еттері шынығады. Әрі логикаңыз жоғары деңгейде дамиды. Түптеп келгенде жан-жақты дамуыңызға әкеледі. Бұрын асықтан аралдықтардың алдына шығатындар жоқ еді. Қазір қазалылықтар алда келеді. Қызылордалықтар да оңай шағылар жаңғақ емес еді, қармақшылықтар ұтып кетті. Сөйтіп, құрамаға талай мықтылар іріктеліп жатыр. Осы секілді қазір бұл ойынға шындап кіріскендер көп. Дегенмен, қазақтың әр баласы құлшына ойнайтын жағдайға жеткізсек деген мақсат бар. Яғни, тек жарыспен шектелуге болмайды, – дейді ол.
Рухани жаңғыруды алдымызға мақсат еткенде әрбір үйдің төрінде үкілі домбыра ілулі тұрса деп армандағанымыз анық. Енді асық та әр баланың алақанында жүрсе ғой. Қыздар ойнап жүрген бесасық баяғы бестастың орнын басты. Алақанға массаж болады әрі қарамай да қағып алып үйренеді. Міне, мәселе қайда жатыр. Ал ер балалар бестабанды ойнап жүр. Ханталапайдың да ерекшелігі көп. Білек пен шынтақты жаттықтырады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы да спортың бұл түріне көп көңіл бөліп келеді. Қазақстанның басқа өңірлерінде болатын сайыстарға барушыларға қаржылай көмек беріп жүр. Жалағаш пен Қызылордада арнайы клуб, үйірме жұмыс істейді. Ұлттық ойынның ұлттық құндылық екенін ұғынғанымыз ғой. Бұрындары ортаға бас табақ келіп, етке қол салғанда асық жілікті кім ұстағанын, асығын кімге беретінін ет аңдыған мысықтай кірпік қақпай күзетуші едік. Асық қолына тиген бала зып еткізіп қалтасына сала қоятын. Сосын мақтануын жалғайды. Қазір де осы әдет жанымызға серік болсашы...
– Асық жинауды әдетке айналдырғанмын. Мені қуантатыны, қазір той-томалақта асықты сол жердегі келіндер алып үлгіреді. Бұл – асық жинап жүр деген сөз. Үйдегі ер бала асық ойнап үйренсе, мектепке бармаған баланың санауды да біледі дегені ғой. Өйткені, әр күн сайын өз асығын түгендеп, қосылғанын санайды. Бұрынғы құрмет пен дағды қайта оралса, керемет болар еді, – дейді жаттықтырушы.
Бала күнімізде аналарымыз киіз басар жүн бояп жатса, дереу асықты соның арасына салып жібереміз. Қойдың жүнімен бірге асық та жаңа түрге еніп шыға келеді. Міне, мектепке бармаған балаңыздың өзі осылайша түс ажырататын алғыр болып шығады. Әйтпесе, бұрындары баласын жіберер балабақшасы жоқ, бұзық болса, бұрышқа тұрғызар үйінің бұрышы жоқ дөңгелек киіз үйде өскен қазақ емеспіз бе?! Олар қалай алғыр болды дегенде дала пәлсапасы осылай ойға оралады.
Қырағы Хамит
– Жүрсеңші, Хамиттікіне барайық, – деді көрші Қазыбек.
Балалармен асық ойнап ұтылып қалған. «Баламысың» деген ғой, айналаны басына көшіре айғайлап жылаған соң әжептәуір үлкендер Пәшен әжейден қорқып тайып тұрған. Енді үйге құралақан барғысы келмеді. Ал бірер жас үлкен Хамит асық сатады. Ағы керек пе, көгі ме, әлде сарысы ма – бәрі табылады. Әжейдің зейнетақыдан тығып берген 200 теңгенің ұшын шығарды. Оған 100 асық түседі. Екеуміз ентелей кірдік. Хамит мыңдаған асықтың ортасында отыр.
– Неше асық аласың?
– Маған жүз асық бер.
– Қалағаныңды ал. Санынан жаңылыспасаң болғаны...
Екеуміз қалтамызды толтырып алдық. Ал Хамит берген асықтарына қимастықпен қарады да:
– Қане, бір қол ойнап жіберейік те. Тіпті асығыңды екі еселеп әкетуің мүмкін ғой, – деді.
Қазыбек шеңбер сыза бастады. Сырттай қарап тұрып, мен де кірісіп кеттім. Ойнаған үстіне ойнай түстік. Қазыбек ұта бастады. Бірнеше сағат өтті. Қазыбек екеуміздің қорымыз азая түсті. Ал Хамиттің мергендігі нығая бастады.
Кеш қарайды. Көл жағасымен басымыз салбырап қайтып келеміз. Әлгі жүз асыққа қоса менің қалтамдағы елу шақтысы да Хамиттің қолында қалды. Сол үшін қатты қапаланған едім. Қарап отырсам, жай әншейін екен ғой. Бірақ асық ойнау алдыңғы кезекте тұратын.
Ұлттық ойын ұмытылмаса игі...
Осыдан біраз уақыт бұрын атыраулық ақын Асантемір Қаршығаұлының шығармашылық кешіне Сырдан Оңталап Нұрмаханов, Дәуіржан Елубаев, Елубай Әуезов тәрізді ақын-қаламгерлер жолға шықты. Сонда әуежайда тұрған оларға бір қалта асық беріп, Алматыға ала баруын өтінген азаматтың ұлттық құндылыққа деген құрметіне разы болдық.
Расымен, асыққа құмартып өскен толқынның соңы біз секілдіміз. Өйткені, 90-жылдары өмір есігін ашқан бізден кейінгілер асық ойнауға асыққан жоқ. Асыр сап ләңгі де теппеді. Мұз үстінде бірді-екілі болмаса, доптаяқпен асыр салмады. Қысқасы, бүгінгі қазақ баласы ұлттық құндылықтан ажырап барады. Өзгеге мін таққыш біз бұл үшін кімді кінәлаймыз? Осының бәрін бір смартфонның ішіне сыйдырып, баланы жылы пештің түбіне тығып қойған қоғамды ма?! Бәлки, өзімізден шығар, ә?! Сіз қалай ойлайсыз?..
Дәулет ҚЫРДАН.