Гаджет және кітап оқудың кереметі

Қазіргі заман компьютер заманы, қызметкердің қолында – ноутбук, планшет, оқушының қалтасында – смартфон, ұялы телефон. Бір сөзбен айтқанда электронды және мобильдік құрылғыларсыз күніміз қараң. Қағазға бірдеңе түртіп алу мен кітаптың бетін тарс жауып тас­тағанбыз.

Жарайды, біз пойыздан өгізге секіріп мін деген артқа тартушылықтан аулақпыз. Бірақ, «өткенін өшірген қоғам өршелене алға ұмтылумен апатқа ұрынады». Бұл сөз менің данышпандығым емес, басы қазандай оқымыстылардың айтқаны.

Біздің айтпағымыз бұл мәселеге тереңдеп енуден саяздау, кітап оқудың қалып бара жатқаны. Кітапханалардың есебіне қарасақ, қорында пәленбай жүз мың кітап бар деген дерекке кезігеміз. Олар келушісін табалдырығын аттағаннан өзіне баурап, көздің жауын алатын кітапхананың  жаңа интерьері мен декорациясы туралы мақтанып әлек. Ал, шын мәнінде кітапханаға баратындардың саны шектеулі және тұрақты адамдар ғана. Олардың көбі оқытушысының зорлығымен баратын студенттер мен орта буыннан асқан шамалы ғана оқыр­ман. Олардың да біразының «каталогта» аты ғана бар, ал, өздері кітап оқымайтындар.

Жастардың шамамен жүзден тоқсан бес бөлігі тек ұялы телефон арқылы әлеуметтік желілер мен сайттарды пайдаланады. Олардың да көбі өзара байланысатын «ватсаптың» белсенділері, сосын инстаграмнан аккаунт ашқандар. Ал, асыл кітаптар сықа толған сөрелерде шаң басып жатыр. Ақиық ақын Мұқағали Мұқатаевтың «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деп көрегендікпен айтылған сөзін енді ұға бастағандаймыз.

Кітап оқымаудың қа­сіреті қандай болатыны туралы ғалымдар дабыл қақты. Осыған орай кітап­ханашылар оқылымды кітап­тарды электронды нұс­қаға көшіре бастады. Бірақ, бұл әрекет те бізді «азушылықтан» арылта алмайды. Себебі компьютер не смартфон көздің көруін нашарлатады, беломыртқаның қисаюына әкеліп соғады, жүйкеге салмақ салады, адам бойын әлсіздік билеп, ашуланшақ, ұйқышыл болады. Балаңыздың тал түске дейін ұйықтайтын әдеті еске түсіп отыр ма, міне, соның ең басты себебі – компьютер. Бұл құрылғының ермегіне айналған баланың өзгеше өз әлемі қалыптасады, өзгелермен арақатынасын үзеді. Ойындарды былай қойғанда, компьютердің «Яндекс» желісіндегі көз сүрінетін «көз зинасын» қайда қоясыз? Балаңыздың сол бейнелердің қызығына батып отырмағанын қайдан білесіз? Өйткені бала ұялы телефонын тығылып тамашалайды, оған назар аударсаңыз, қуыстанып қалады. Осындай жағдайды кездес­тіріп жүрген жоқсыз ба?

Ал, кітап оқыған бала өте ақылды, сабырлы және айтқаныңызға құрақ ұшып тұратын елгезек келеді. Ешкімнен бұғып, тығылып, жасқаншақтамайды.

«Білім – кітапта. Қазіргі таңда балалардың көбісі компьютерде отырады. Сондықтан, болашақта кітап оқығандар компьютерде отырғандарды басқарады» – деген Елбасы сөзі еске түседі. Осы сөздің шындығына жететін заман алыс емес. Менің замандастарым оған әлі «ел жаңаратын елу жыл керек» – дейді. Мен мұнымен келісе алмаймын. Кітап оқитындардың күні туатын кез әне-міне келеді. Өйткені оқыған жастар оның пайдасын тез түсінеді.

Реті келіп қалғанда сол кітап оқудың пайдасы туралы ай­тайықшы.

Қазір кітап оқудың рухани жетілуге ғана емес, тән саулығына да керемет пайдалы екендігі дәлелденіп отыр.

Медицина ілімінде үлкен мидың жұмысы бүкіл дене организмдеріне тікелей әсер етеді делінген. Сол үшін де биология саласында «үздіксіз қозғалыс­тағы клетка жасарып отырады» дейтін көзқарас бар.

Жақында ғалымдар кі­тап оқу, сурет, музыка, жазу­шылық секілді ақыл-ой еңбегімен шұғылданатын адамдардың жүйке-жүйе­сінің басқа адамдардан әлде­қайда тез дамитынын және қартайған кезде де жүйке-жүйенің шаршауы, әлсіреуі және үлкен мидың қар­таюы болмайтынын дәлелдеді.

Қан тамырдың, өкпе, жүрек және басқа да ағзалардың саулықта болуы үшін дене әрекетінің маңызы бірінші орында тұратыны белгілі. Бірақ, барлық дене мүшесіне әсер ететін үлкен миды жаттықтырудың ең тамаша тәсілі – кітап оқу. Кітап оқу – жүйке жүйесін шынықтыру, дене-бітімді күшейту, әртүрлі аурулардың алдын алуда тамаша маңызға ие. Адамның ішкі құрылысында кезігетін барлық аурулар психология­мен тікелей байланысты. Көңіл-күйдің түсіңкі болуы, үлкен мидың шаршауы секілді ағза өзгеріс­тері – әртүрлі аурулардың басты себепкері.

Сол үшін де жақсы кітап – рухани азық. Саулықта болудың табылмас дәрісі.

Кітап оқудың тағы бір ерекшелігі ұзақ өмір сүрудің кепілі екен. Жапония медицинасы осылай қоры­тынды шығарып отыр. Олардың айтуынша, ең ұзақ өмір сүретіндер – философтар, одан кейінгісі ғалымдар мен көр­кемөнершілер болып отыр.

«Кітап оқу – үлкен миды үздіксіз қозғалысқа салады. Кітап оқып болған соң да оның адамға сыйлайтын әсері дене шынықтырудан кейінгі массаж секілді адамды рухани қалыпқа түсіріп отырады» – дейді күншығыс білімпаздары.

Енді ғалымдар бөле-жара жіктеген кітап оқудың бірнеше пайдасын да мысал ете кетейік: кітап оқу қоршаған ортаны, дүниені және өзін тануға көмектеседі. Адам жады мен ойлауын дамытады. Көп оқығанның жады мықты болады, талдауға, сараптауға бейім келеді. Бұл тамаша дағды адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіп, әдемі сөйлеу дағдыларын қалыптастырады, сөздік қорды байытады және жалпы сауаттылық деңгейін арттырады.

Баланың тәрбиесі мен қалыптасуына аса қажетті осынша жақсы қасиеттерді қалай сіңірер едіңіз? Ұлы ұстаз жаныңызда жүр емес пе? 

Біз өз білгенімізді айттық. Ал бұған басқа жұрт не дейді, ерік әркімнің өзінде.


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 

ЖАРНАМА 21 қараша 2019 г. 1 570 0