Мәдениетілік – тұтас қоғамның тұрақтылығы

 Бүгінде біздің мемлекетіміздің басты бағыты – өркениеті озық отыз елдің қатарына ену. Олай болса, әлемдік қарым-қатынаста экономиканың сан құбылған саясатынан гөрі рухани құндылықтың, әлеуметтік теңдіктің, сондай-ақ, азаматтық қоғам тұрғысындағы ашық та әділетті ұстанымдарымыздың бағасы биік. Бұл орайда мемлекеттік қызметте ғана емес, жалпы қоғамда мәдениетіміздің жоғары болуы міндетті. Біле білсек, тұтас қоғамның тұрақтылығы да жеке адамдардың мәдениетіне байланысты.
Мәселен, адам бойына жат әрекеттердің барлығының түп тамыры – мәдениетсіздік. Ойлап қарасақ, біз осыған өзіміз жол беретін сияқтымыз. Қалай дейсіз бе? Қарапайым ғана мысал, отбасында өсіп келе жатқан баланы (ол мүмкін кенже бала немесе жалғыз бала) бетінен қақпаймыз. Былапыт сөздер айтып, әбес қылықтар танытып жатса да, «есейгесін қояды» деген желеумен  еш қаперсіз еркелете береміз. Кейде кәмелет жасына жетпеген балаға көлік мінгізіп, бірақ оның кіммен, қандай ортамен байланысып жүргеніне көңіл бөле бермейміз. Баланың бірте-бірте еркіндікке бойы үйреніп бара жатқанын байқамаймыз. Осындай осал тәрбиенің салдарынан күнделікті өмірде көп ата-ананың көңіліне қаяу түскенін көріп те жүрміз. Ащы да болса шындық, ата-анасын қарттар үйіне қалдырып, баласын далаға тастап жатқандар, сол – әлгі еркеліктен есіріп кеткен балалар. Баланың өзімшіл болуының тағы бір себебі, өзіне лайық орта таппай, қоғамнан шет қалуы. Сондықтан, бала тәрбиесін бір сәт те бақылаусыз қалдыруға болмайды. Қоғамдағы қатыгездік, отбасындағы олқылық жайлы небір жан түршігерлік жаңалықтарды әлеуметтік желіден күн сайын кездестіреміз. Алғашында, ашып қарауға жүрегіміз дауаламайтын. Ал қазір көзіміз үйреніп, көңіліміз селт етпейтін боп барады. Әрине, бұл жақсы емес...
Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген тамаша тағылымды сөз бар. Оның түп-төркіні белгілі, отбасынан орнықты тәрбие алған жанның Отанына адал қызмет етеріне сенім артылған. Десек те шаңырақ көтерген жас отбасының ә дегеннен шат-шадыман өмір сүріп кетуі екіталай. Өмірдің сан тарау соқпағынан өте жүріп, бірінің бағы жанса, енді бірінің сағы сынып жатады. Ондайда «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деген желеумен көп нәрсені елең қылмайтынымыз рас. Десек те, ол уақыт пен бұл уақыттың арасы жер мен көктей. Заман ауысқан, заң өзгерген. Ол кезде әйел адамдарда сауат болмаған, өз бетінше еңбек етуге қауқарсыз болатын. Есесіне, ер азаматтар отбасын ештеңеден мұқтаж етпей, толыққанды жағдайын жасап отырған. Сондықтан әйелдер отағасын күтіп, ұрпағын өсіріп, тек үй шаруасымен айналысатын. Ал қазір ше? Жасыратын жоқ, ер адамдардың көпшілігінде тұрақты жұмыс жоқ, табыс таппайды. Сөйте тұра түрлі желеумен әйелінің еңбек етуіне мүмкіндік бермейді. Ішкілікке салынып, ілік іздеп отырады. Осыдан келіп, шаңырақ шайқалады. Ақыры ажырасып тынады. Бұл жерде тағы да әйелді кінәлаймыз. «Шыдамады, көнбеді»,-деп. Алайда шыдамның шегіне жеткенде, бәрі кеш болуы да мүмкін...
Хош, ажырасты делік. Ер адам еркіндікке ие болып қала береді. Ал әйел бала-шағасын арқалап, оның бүкіл жауапкершілігін өз мойнына алып кете барады. Болашақта бұл балалар қалай ержетеді? Кім болады? Әлеуметтік мұқтаждықтарын кім өтейді? Өкінішке орай, бұл сұрақ тек ананы ғана ойландырады. Ал әке ше? Сан түрлі айлаға салып, алимент төлеуден жалтарып жүргені...Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда көп жағдайда осылай. Тастанды балалар тағдыры да осының салдары. Яғни жігіттердің жігерсіздігі. Міне, өкінішке орай, бұл да  біздің мәдениетіміздің жеткен жері. Мәдениетті былай қойғанда, адамшылық, азаматтық ар-намыстың жоғалып бара жатқаны жанға батады...
Ғазиза ӘБІЛДА.


ЖАРНАМА 28 қазан 2019 г. 1 119 0