Жолы болғыш жандар

 Адамның кейде күтпеген бақытты сәттері болады, тіпті бақытқа баламасаңыз, табысын тасытқан кездері деп біліңіз. Құдайдың бергені, қазіргілерше айтсақ оларға «фортуна күліп қарады» дейміз.
Бүгінде теледидарда да, әлеуметтік желілерде де ұтыс ойындары көп. Мәселен, сізге «TeleBingo», «KENO», «LOTO 6/49», «777» ойындары жақсы таныс. Оларға көбіміздің мән бермейтініміз де рас. Керісінше, сол ойынның соңынан қалмай жүргендер де жетеді. Осылардың ішіндегі ең жаманы – букмекерлік кеңселердегі спорттық ойындардың бәсіне тігілетін ақша.
Бұл – былайша айтқанда, құмар ойын.
Былтыр жазда футболдан әлем чемпионаты өтті. Осыған орай, барлық жерде букмекерлік кеңселердің дәурені жүрді. Футбол десе ішер асын аяғымен тас­тайтындар айдаладағы командаларға ақша тігіп, бірі ұтып, енді бірі ақсирақ боп қалды.
Баяғыда бір кісі жүз биеден жетпіс құлын алдым деп мақтанса керек, сонда бір ағамыз: «Айғыр шапты, бие тапты, оған сенің не қатысың бар?» – деген екен. Сол айтпақшы, осы футболдың жілік майын шағатындар сол білімімен ия өзіне, ия өзгеге пайда келтірмейді. Бірақ, өкпесін қолына алып, солармен бірге жүгіріп жүреді.  
Ақшаны бәске тігіп, ысырап жасауды ақылдының ісі деуге келе ме екен. Құран сүресінде: «...құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады..» делінген. Мұнан артық қандай ескерту керек? 
Бұған қарағанда лотереялардың жөні бір бөлек. Лотереяны белгіленген бағасымен ғана сатып аласыз, яғни, құмарлықпен көп ақша тікпейсіз. Лотереядан қомақты жүлде алғандар жетерлік. Шетелдік көлік ұтқан жерлестеріміз де бар. Мұндай ұтыстар Қазақстан бойынша мүлде көп. Газеттерге жазылып, телеарналарда айтылып жатыр. Соның бір ғана мысалын келтірейін:
Биылғы көктемнің cәуір айында Семей қаласының 47 жасар тұрғыны SuperBingo ойнатылымы арқылы көлемі 21 миллион 800 мың теңгені құрайтын ірі Джекпоттың жеңімпазы атанды. Ол лотерея­ны 6 жыл бойы ойнап келеді екен. Отбасындағылар қолдамаса да әйтеуір бір жолы болатынына сеніпті.
Мұндай ұтыстарды біздің әріптестеріміз де қолға алыпты. Биыл «Ақ жайық» газеті өз жазылымшыларына лотерея ойнатып, Атырау қаласының тұрғыны 71 жастағы зейнеткер Қайыржан Айтуаров пен  аққыстаулық Темірболат Қалиддуллин бір миллион теңгеден олжалы болған.
Өткен жылы SuperBingo-дан алматылық Константин және түркістандық Абдуғаппар есімді кісі 11,5 миллион теңгеден  қалтаға басты.  
Біз бұл жазбамыз арқылы ешкімге лотерея ойна деп үгіт айтпаймыз. Бұл негізі еңбексіз ақша ғой. Оңай олжаның берекесі бола ма, әлде «алмақтың да салмағына» алып бара ма, бір Құдай білсін.
Айтпағымыз, арамызда жолы болғыш адамдардың бар екені.
Сіздің де жолыңыз болсын.

Р.ДҮЙСЕНҰЛЫ.
ЖАРНАМА 26 қазан 2019 г. 1 025 0