«...Головкин - ешқашан жеңілмеген боксшы»

Әлемге аты әйгілі қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко 5 қазан күні Нью-Йорктегі «Мэдисон Сквер Гарден» аренасында IBF титулын сарапқа салып, айырылып қалған белбеуін өзіне қайтарды.

Жекпе-жекті әдеттегідей 6 қазан күні азанымен теледидарға телміріп отырып күттік. Бұрын біз ұйқымыздан оянғанда Генаның қарсыласы «ұйықтап» жататын, сол көрініске үйренгендіктен уайымымыз да болмайтын.

Алайда, жерлесіміз орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бо­йынша иеленген белбеулерінен айырылып қалған соң, алаңдаумен жүрдік. Бұл оқиғаның қалай орын алғанын бокс жанкүйерлері жақсы біледі.

Еске сала кететін бір жайт, өзі қолдан шығарып алған IBF чемпиондық титулын Головкин бұған дейін де иеленген, алайда былтыр белбеуді қорғау үшін Деревянченкоға қарсы жекпе-жектен бас тартқаны үшін тағы айырылып қалды.

Бұған дейін мексикалық ­Сауль Альварес Деревянченкомен жекпе-жек өткізуден бас тартқан соң ондағы ІВF белбеуін украиндық боксшы беліне таққан болатын. Шынын айтсақ, мұның астарында не жатқанын  өздері білсін, Канелло сол белбеуді әшейін бере салды. Осыдан бір жыл бұрын Деревянченко IBF белбеуін иеленбек болғанымен, америкалық Дэниель Джейкобс­тан жеңіліп қалған.

Сергей Деревянченко к­ә­сіп­қой бокста 14 жекпе-жек өткізіп 10 рет қарсыласын сұлатып салып, жеңіске жеткен. Бір қызығы, бұл боксшы 2013 жылы «Астана арландары» сапында Украинаның «Атамандарына» қарсы жұдырықтасқан.

Осының бәрі біздің оқырманымыз үшін керек пе, жоқ па, негізі бір көз жеткізгеніміз, Сауль Алвареспен үшінші жекпе-жек өтетін секілді.

Оқырман үшін мына қызықтарды айта кетуге болар. С.Деревян­ченконың промоутері Лу Ди Белла осы жекпе-жек алдында «GGG –  келешекте «Даңқ» залында тұруға лайықты тұлғалардың бірі. Дегенмен, әр жақсылықтың да аяқталатын сәті болады. Сергей бұл жерге тек жұдырықтасу үшін емес, жеңу үшін келді!» деп мәлімдеді. Ал, Сергейдің бапкері Андре Розье болса, бұрын Головкинге қарсы Кертис Стивенс пен Даниэл Джейкобсты дайындаған. Екеуінде де Головкин ұтты. Осы жекпе-жек алдында ол: «Бұл жолы Головкин ұта алмайды» деп сенімді сөйледі. Осындай ұшқары сөздер айту оларға әдет болған. Алайда, сол бапкер: «Меніңше, Головкин ешқашан жеңілмеген боксшы» – деп осыдан екі жыл бұрынғы Канеллоның жеңісіне күмән да келтірді. Мамандардың біразы осылай деген еді, демек, біздің Гена ешқашан жеңілмеген боксшы!

Генаның бәрімізге ұнайтын тағы бір мінезі қазаққа тән сабыр­лылығы, ол ешқашан «мен бүйтем, сүйтем» демеген. Бұл жолы да арық сөйлеп, семіз шықты.

37 жастағы бокс жұлдызының атына «осы жарығын сөндіріп алмай, қолғабын қабырғаға ілгені дұрыс» деген сәуегейліктің де неше түрі айтылып жатыр. Бұған Генаның Сергеймен өткен жекпе-жегіндегі сәл босаңсығандығы себеп болған шығар.  Алайда, біздің боксшымыздың бар күшін сарықпағаны оны білетіндердің көзіне ұрып тұрды ғой.

Біздің ендігі ойымыз ­Геннадий Головкиннің Сауль Альварес­пен рематч өткізіп, сол күш сынасуда кеткен есемізді қайтарса екен дегенге тіреліп тұр. Намысшыл қазақ емеспіз бе?! Сосын қолғабын іле ме, жоқ әрі қарай жүре ме, оған дауымыз жоқ.


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
"Сыр бойы".
ЖАРНАМА 08 қазан 2019 г. 1 345 0