Жан-жануарлар әлемі, өсімдіктер әлемі деген секілді, періштелер әлемі, жындар әлемі деген де ұғымдардың бар екенін білесіз бе? Білетін шығарсыз.
Періштелер мен жындар әлемі – көзге көрінбейтін әлем. Олардың бізбен қатар тіршілік етіп жатқанын біз бірінші Құраннан білсек, екінші күнделікті басымыздан өтіп жатқан оқиға көріністері арқылы сеземіз.
Бүгін көптен бері діни кітаптардан оқып, өзімше ой қорытып қағазға түсіріп жүрген жазбаларымнан тағы бір деректерді оқырман назарына салып отырмын. Бұған дейін мен «Нұқ пайғамбар кемесіндегі оқиға», «Нақышбанди әулиелігі», «Укаша ата», «Жылаған ата», «Батин көзді Бахауаддин», «Жұмақтың жемісі», тағы басқа да тақырыптардағы хикаяттарды жариялаған едім.
Енді мына бір деректерге көз жүгіртіп көріңіздер.
КИЕЛІ ЖАРАТЫЛЫСТАРПеріште – Алла Тағаланың әмірін әлемге жеткізуші, қанатты көмекшілері, пәк жаратылыс.
Періштелердің саны өте көп, олардың көптігі адам ақылына сыймайды.
Мәселен, әлем жаратылғалы бері аспаннан жауған қар мен жаңбырдың бір-бір түйірін бір-бір періште жерге алып түседі екен. Сол періштелерге қар не жаңбыр түйіршіктерін екінші мәрте жерге алып түсу кезегі қияметке дейін келмейді дейді киелі кітаптар. Міне, олардың көптігін осыдан-ақ болжай беріңіз.
Бізге белгілі төрт періште бар, олар – Жәбірейіл, Әзірейіл, Мәкәйіл, Исрафил. Олардың әр қайсысына тиесілі қызметі бар екенін де білетін боларсыз.
Пір – адамзатты қолдап-қорғаушы рух, адам сыйынатын аруақ.
Қасиетті дін басшыларына сыйынғанда айтылатын ұғым. Қазақта пір атағын иеленген адам санаулы. Солардың ең белгілісі бірнешеу ғана –үш жүздің пірі саналған Мүсәрәлі баба, Пір Бекет баба, т.б. Қазақта пірге қол беру деген ұғым бар. Жерден қолын тіреп көтерілгенде «Я, Пірім!» дейтін де қазақ.
Ғайып ерен қырық шілтен – мұсылмандарды жебеп-желеп, қолдап жүретін, көзге көрінбейтін киелі жаратылыс.
Жаңа мен қардың не жаңбырдың бір-бір түйіршігін жерге алып түсетін періштелер дедім. Олар – шынында, шілтендер. Әлімсақта шілтендер Адам атаның жүзін көруге кезекке тұрған екен. Бірақ үлгеріп көре алмаған. Үлгеріп көрген шілтендер періштеге айналған. Жаратушы Иеміз оларға Адам ата ұрпақтарының жүзін көруді нәсіп етіп, қияметке дейін қар мен жаңбырды жерге алып түсуді бұйырған. Шілтендер осы бұйрықты орындау арқылы періштеге айналып отырады дейді.
Қыдыр – ел аралап жүретін адам кейпіндегі әулие, адамға бақыт, ырыс, дәулет әкелуші (кейде Қызыр деп те атаймыз).
Қазақтың әр батагөйі «Ғайып ерен, қырық шілтен қолдасын. Қыдыр болсын жолдасың» деген тілекті сөзіне қосып айтады. Олардың адамға тілекші әрі адал дос екенін осы сөз тіркесі айғақтап тұр.
Әулие-әмбие – қасиетті киелі жандар.
Жаратушы Иеміз дүниеге Пайғамбарлардан соң әулиелерді әкелген. Олар адамзаттың дін жолынан шығып кетпеуі үшін қызмет еткен, қажет жағдайда кереметтер көрсете алатын ілім иелері болған. Мүндай әулиелерге – Мүсірәлі әзизді, Пір Бекетті, Марал ишанды, Қорасан атаны, Арыстанбабты, Оқшы атаны, Есабыз әулиені, Қарабура әулиені, тағы басқаларды жатқызамыз (әрине, олардың тізімі көп).
Сәруәр – пір, қожа, ие, жолбастаушы, көсем.
Арап тіліндегі мағынасында «сәруар» басшы, жетекші дегенді білдіреді. «Алпамыс» жырында «Сексен сегіз сәруар, тоқсан тоғыз мың машайық, бәрінің көңілін қимады...» деген тіркестер бар. Олардың бәрі жиылып Байбөрімен бірге бір Алладан бала тілейді. Демек, сәруар – қысылғанда мұсылманның қасынан табылатын ғажайып жаратылыстардың бірі.
Пірадар – тақуа діндар адам, сопы.
Сопылық ілім – мұсылман әлеміндегі ең терең ілімнің бірі. Бұл ілімнің бастау бұлағы – Қожа Ахмет Иасауи болып табылады. Сопылар арасынан Құранды түгел жатқа білген қарилар мен керемет иесі болған әулиелер көптеп шыққан. Пірадар дегеніміз де сол сопылар арасынан шыққан аса білімді, ықпалды, билікті, ұстаз адамдар.
Дәруіш – дүние қызығынан безген діндар.
Аты айтып тұрғандай дәруіш те дүние қызығын тәрк еткен, тек Алла жолына түскен ізінен ауытқымағандар. Мағжан Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» деп аталатын жырын оқыдыңыз ба? Нағыз дәруіштің образы сол – Қойлыбай бақсы.
Диуана (дуана) – ырзығын көптен тілеп, кәсіпсіз қаңғырған діндар, тақуа.
Ол дін жолын жақсы біледі, бірақ өз жолын таппаған жандар. Бала-шағасы жоқ, бәлкім дүниеден баз кешкен жандар.
Шайқы – ел, халықты күлкіге қарық қылып, көңіл көтеруші кезбе, киелі адам.
Қазақта шайхылар көп болған. Өйткені қазақ өнерлі халық. Мәселен, ауыз әдебиетіндегі Қожанасыр мен Алдар көсені шайқы деуге әбден болады.
ЖАҒЫМСЫЗ ЖАРАТЫЛЫСТАРШайтан (сайтан) – әртүрлі бейнеде көрінетін, адамды азғырып, ақ жолдан тайдырамын және күнәға батырамын деген серті бар құбыжық.
Шайтан – нәпсінің қозғаушысы күші. Егер шайтан болмаса адам дүниеауи құмартудан құр қалады. Алла Тағала тіршілік пен құлшылықты қатар ұстауды бұйырған. Сондықтан Жаратушымыз шайтанды бар етті. Жалпы, біз Алланың білгенін білмейміз, оның өзіне ған мәлім сырлар көп. Айналып келгенде адам тіршілігіндегі шайтанның ролін жоққа шығара алмаймыз.
Қазақта «адамның шайтаны» деген де түсінік бар. Сондықтан шайтанды адами қасиеттердің антонимі деуге болады.
Малғұн – шайтанның бір түрі, опасыздық бейнесі.
Кейде кею түрінде осы сөзді айтып қаламыз. Бірақ, олай айтуымыз қате. Себебі періште аумин деп қоюы әбден мүмкін. Бұл да – шайтан, бірақ, ол діні берік, иманы күшті адамды азғыра алмайды.
Әзәзіл – адамды бір-біріне айдап салып, өзара жауықтыратын шайтан.
Алла шайтанға күш бермеген. Тіпті ол алдында жатқан инені де көтеріп қозғай алмайды екен. Алайда, айласы күшті, оның адамдарды өз өзіне айдап салатыны да сондықтан, өз күші өте әлсіз болғандықтан. Қазақ өзара ренжіскендерге ақыл айтқанда «Әзәзілдің сөзіне еріп, адалдың арына күйе жақпа» деп жатады.
Ібіліс – адамды пәле, күнә жасауға азғырушы пері.
Ібіліс жөнінде «Адам ата Хауана» хиссасында өте керемет түсінік беріледі. Ібіліс Адам атаны тамашалағанда «Бұл – бұзық, қанішер, нәпсіге осал болады, Аллаға орынбасар болуға лайық емес» дейді. Сонда Алла «Сендер менің білгенімді білмейсіңдер, оны қандай хикметпен жаратқанымды өзім ғана білемін» дейді. Шынында Адам ұрпақтары әлемді көркейтті, ғылымды игерді, Алланы тану жолында күресті. Ал, Ібіліс қарғысқа ұшырады.
Әбілет – адамды қылғындырып тұншықтыратын кесапат, қара күш.
Мұндай жағдай әркімнің де басынан өтеді. Әсіресе аурып қалғанымызда немесе шаршап келіп жайсыз жатқанымызда бастырылып оянатынымызды еске алайықшы. Міне, сол жағдай Әбілеттің араласуымен болады.
Албасты – жүкті әйел босанар шақта не босанған әйелдің өкпесін ұрлап, тұшықтыратын әйел бейнесіндегі әбілеттің бір түрі.
Жоғырыда айтқанымдай, күнделікті сөз қолданысымызда бір-бірімізге «албасты» деп те қалатынымыз бар, дұрыс емес бұл. Адам бір-біріне тек жақсы сөз айту керек. Егер біз сол жаратылыстардың атын айтып өзімізге жақындатпасақ, олар бізге жолай алмайды.
Монтаны – адамды айкезбе (лунатик) қылып, жетектеп кететін жын-пері.
Ондай адамдарды өмірде кездестірген шығарсыз. Өзім көрдім. Оларға әшейінде қорқатын жіңішке көпірлермен, үйдің төбесімен қалай құламастан жүріп кете береді деп таңғаламыз. Өйткені айкезбелерді жын-перілер жетектейді және олар адам сеніміне кіру үшін, өзі жетектеген адамдарды қандай да бір тар жолдардан аман алып өтеді.
Жын-пері – аспанда және су ішінде жүретін жаратылыс.
Жалпы, дінді жақсы білетін адамдар бұлардың неге аспанда немесе су ішінде жүретінін түсінеді. Алла оларға өзінің орынбасары, адамдармен бірге жүруге құқық бермеген. Дегенде, олардың адам өміріне араласып кететін кездері кездеседі, себебі олар иманы әлсіреген адамдарды тез табады. Сөйтіп, адамның ішіне кіріп алады. Себебі олардың жер бетінде сайрандап жүріу құқы жоқ. Ал, ішіне жын кірген адам жынданады не ақылы ауысып кетеді. Оны адамның ділінен, санасынан күшті дұғаларды білетін молдалар ғана қуып шығады.
Перизат – періден туған бейне. Жағымды және жағымсыз бейне түрлерінде халық түсінігіне сіңген.
Біз өз перзенттерімізге Перизат деп ат қоя береміз. Себебі бұл перінің жағымды бейнесі де бар. Олар сұлулықты, сауықты, махабатты ұнатады. Жағымсыздары адамды азғырушы шайтан жағында болады. Біздің қазақтың аласұрып асығыс жүрген адамға «перқаққан» дейтіні бар.
Жын – бақсы-балгерлерге, диуаналарға қызмет ететін, көзге көрінбейтін жаратылыс. Бақсылар жынды өзіне шақыра да алады, аластай да алады. Жын мұсылман және кәпір болып бөлінеді.
Алла шайтанды әлсіз қылып жаратса, жынды алапат күш иесі қылған. Бірақ олар шайтан секілді адамды азғырмайды. Оны азғыратын шайтан, амалын асырып, жынға айтқанын істетеді.
Сіз Сүлеймен пайғамбардың жындарға мешіт салдырғаны туралы қиссаны естіген шығарсыз. Жындарды жұмсау үшін өте үшті дұғаларды білу керек. Жаттап алу жеткіліксіз, оның барлық мағынасына, қасиетіне бойлай білу керек. Ондай ілімдар молдалар арамызда өткен жүзжылдықта өмір сүрді. Қазір мұндай ілімдарлар жоқ деп кесіп айтуға болады.
Дию – алып тұлғалы, күшті жаратылыс.
Ертектерді еске алыңызшы, дию аты бізге сол қиял-ғажайып әңгімелер арқылы жақсы таныс. Бірақ, ертекті жай қиял десеңіз қателесесіз. Сол оқиғалар бір кезде болған, өмірдің шындығы.
***
Енді сөзімізді қорытайық. Сіз мүмкін бұл автор ғаламтордағы деректерді тізіп шығыпты ғой дерсіз. Рас, бұл деректер ғаламторда да бар. Бірақ, сіз одан әдемі затты сыртынан ұстап көргендей ғана әсер аласыз. Ал, мен бұл жаратылыстар жайында қасиетті кітаптардан оқығанмын. Сосын оған өз пайымымды қосқанмын.
Ал, сіз не қосасыз? Ақиқатында жаратылыста сыр көп, алайда бізге оның бәрін білу нәсіп болмаған.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.