Цифрландырудан не ұтамыз?

Үкімет тарапынан әлеуметтің әлеуетін көтеру мақсатында жыл сайын түрлі бағдарламалар қабылданады. «Цифрлық Қазақстан» соның қатарында. Оған Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында басымдық берген еді.

Құжат халықтың 80 проценттен астамын компьютерлік сауатты етіп, интернет желісімен қамтуды, үйден шықпай-ақ коммуналдық қарыз­ды төлеуге септесуге мүмкіндік береді. Бағдарлама алдағы 5 жылға бұдан бөлек те маңызды міндеттер жүктеді. Бірнеше жүйені цифрландыру қажеттігі байқалды, тиісінше ол жұмыстар дер кезінде жүзеге асты. Осы орайда «Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруда алға жылжу бар ма, бағдарлама жақын арада діттегеніне қол жеткізе ме?» деген сұрақ туындауы орынды. Маман жауабына жүгінсек.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы Жанбота Жұмабаевамен тілдескенімізде, ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға енгізу жұмысы шамамен он жыл бұрын сәтті басталғанын айтты. Оған бір ғана мысал келтіруге болады, ол – eGov жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі. Дәл осы жүйенің көмегімен бүгінде жүздеген операцияны жүргізуге болады. Ал, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл жүйенің жұмысы одан әрі жетілдірілмек.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтерді ашық және тиімді ұсынуды жүктеді. Бұған дейін Елбасы 2020 жылы мемлекеттік қызметтердің кемінде 90 проценті электронды форматқа көшу тиістігін айтты. Бүгінде біздің облыста тізілімдегі 740 қызметтің 192-сін жергілікті атқарушы органдар көрсетеді. Оның ішінде 75 қызмет Мемлекеттік корпорация арқылы, 98-і электронды түрде ұсынылады. Оның ішінде «DamuMed», «Е-лицензиялау», «Е-собес» секілді 22 ақпараттық жүйе бар. Атап өту қажет, портал арқылы көрсетілуі тиіс қызметтер саны – 127, оның ішінде 48 қызмет баламасыз түрде тек порталмен жүргізіледі. Жыл соңына дейін 56 қызмет түрі автоматтандырылмақ. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім саласындағы 4 қызметті автоматтандыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, қазір жер қатынас­тары саласында жергілікті атқарушы органдар 14 қызмет түрін көрсетсе, оның 3-еуі «Е-лицензиялау» ДҚ АЖ-де автоматтандырылған. Қалған 11 қызметті орталықтандырылған түрде автоматтандыру қажет. «Өңірлік геоақпараттар жүйесін» құруға да 177 млн теңге бөлінді. Аталған жүйеге бас жоспар, түбегейлі жоспарлау жобалары, инженерлік жүйе мен бос жер учаскелері жайлы ақпарат енеді, – деді Ж.Жұмабаева.

Иә, жоғарыдағы мәлімет цифр­ландырудың барлық секторға етене ене бастағанын көрсетеді. Ең бастысы, айтарлықтай нәтиже бар. Мәселен,  білім саласын алайық. Құзырлы мекеме ұсынған мәліметке сүйенсек, автоматтандыру салаға серпін берген. Электронды журнал енгізілгелі бұрынғыдай мектеп пен ата-ана сынып журналы, үлгерім табелі мен қағаз күнделік сатып алуға ақшасын шығындамайды екен. Жүйеге 124 мектеп пен 1 колледж қосылған. Оның арқасында ата-ана баласының қай тақырып бойынша баға алғанын біліп, мұғалімге хат та жолдай алады. Ал, «BilimLand» цифрлы білім беру порталы мұғалімдерді тегін дидактикалық материалдармен қамтамасыз етуге көмектеседі. Бұдан бөлек, оқушылардың келешектің кәсібін меңгеріп, IT ілімді, робототехниканы игеруіне ерекше көңіл бөлінуде.

Мұндай қарқын денсаулық сақтау саласында да байқалуда. Себебі, басшылық қызметті электрондық форматқа ауыстыру тұрғындарды әуре-сарсаңнан құтқаратынын қаперге алған. Емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды цифрлық нұсқада жүргізуге көшкен. Оның ел тұрғындарының электронды денсаулық паспорттарын жасауына, кезек күту мәселесін түбегейлі жоюға көмектесетіні айтпаса да түсінікті. Оған қоса «DamuMed» мобильді қосымшасы дәрігер қабылдауына алдын ала жазылуға, дәрігерді үйге шақыртуға, рецепт, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, зертханалық талдау нәтижесі туралы мәліметті алуды жеделдетуде. Бүгінде оның қызметін пайдаланушылар үлесі 41,7 процентті құрап отыр.

Жоғарыда айтылған, коммуналдық төлемдерді де қазір мойын созып, сағаттап кезек күтпей, терминалдан төлей салу мүмкіндігі көптеген жерде қарас­тырылған.  Тұтынушылар енді су, жылу, электр жарығы, тұрғын үй қызметі мен тазалық қызметіне бір кассадан төлейді. Облыс бойынша 700 терминал арқылы электр жарығы үшін төлем жасау­ға мүмкіндік бар. Айта кетейік, «Android» операциялық жүйесінде арнайы бағдарлама да  іске қосылған. Ол арқылы сіз смартфонның бетін сипап, қаражатты діттеген жерге жеткізе аласыз. Кәсіпкерлік саласына да осындай бірсыпыра тиімді дүние енгізілген.

Цифрлық технологияның ауылшаруашылық саласына берері көп, әрине, егер алдағы уақытта оны пайдаға жарата алсақ.  Шартарапқа танымал миллиардер Билл Гейтс ойлап тапқан «Оракул» деген компьютерлік бағдарламаны естуіңіз бар болар. Ол ауылшаруашылық жерлерінің хал-ахуалын санаулы уақыт ішінде талдаудан өткізіп, қандай жағдайда екенін анықтап бере алады. Жасыратыны жоқ, бізде егістік пен жайылым жерлердің көбі жекенің қолында, оның пайдаланылу жайынан хабарымыз аз. Ал, аталған бағдарлама сол жер иесінің кім екенін, оның қолданыста немесе қанша уақыттан бері пайдаланылмай жатқанын анықтай алады. Айтпағамыз, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Оракул» да таяу жылдары елімізде қолданысқа берілсе, таңғалмаймыз.

Тақырыпқа тұздық, Гейтс осыдан 15 жыл бұрын «Ғаламтордан сырт қалған адамның болашағы бұлыңғыр болуы мүмкін» деп топшылаған еді. Ол шындыққа айналды. «Бүгінгі болжам – ертеңгі ақиқат» деген рас.


Мөлдір Қалымбет.

ЖАРНАМА 01 қазан 2019 г. 813 0