Бақай есеппен болашаққа

 Мына қызыққа қараңыз. Әкесі қаладағы студент ұлға телефон шалып жатыр. Әдеттегі амандық-саулықтан соң әңгіме былай өрбіді.
– Әлгі, «ваенейден» берген ағайың екі жылдан соң пенсияға кетеді екен. Әкесінің мұндағы айтып тұрғаны военруг Өмір. Бұл ес білгелі алғашқы әскери даярлық пәнінен сабақ беріп келеді.
– Оған не болыпты? – деген бұл түкке түсінбей.
– Ештеңе де болмады. Оқуыңды ауыстырасың-ау. Мен білсем, сол оқуды оқып жатқан елде ешкім жоқ.
– Ау, мен мұнда мал дәрігерлік оқып жатырмын ғой. Сіз айтқан соң.
– Оныңды қой. Көрінгеннің сиыры мен ұсақ малын қарап қайтесің. Елдің малы жарға құлап иә батпаққа батса да сенен көреді.
– Папа, мен сіздің айтқаныңызды қимай, жақсы көретін мамандығымды тастап осыған келдім ғой. Енді былай дейсіз.
– Әйй, балам, кім жетісіп жүр дейсің. Білмесең айтайын, сол «ветбрашыңның» оқуын аулда төрт-бесеуі сырттай оқып жатыр дейді. Лажы болса, ауыстыр.
– ...
Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін кім білген, бірақ, бүгінгі шындық осы. Кімнің қолайына жақса, сол бағытын соған қарай түзіп жүр. Ауылдық жерде жұмыс көзі аз, тіпті жоқ десек те болады. Айналып келіп, бір мектеп, әкімшілік, фельдшерлік пункт. Ауылдағы ағайын баласының көз алдында жүргенін қалап, соған қарай ыңғайлайды. Енді қараңыз. Баланың «кім болам?» деп мектеп кезінде құрған арманы осы кезде күл-паршасы шығады. Айналып келіп, бірі медколледж, бірі мұғалімдікті таңдайды. Ал елге келген осы мамандарды топырлатып қабылдай беретін мектебің не амбулаторияың резина емес қой. Созып кеңіте салатын. Білмесеңіз айтайын, осы аталған мекемелерде «жарты ставкамен» жұмыс істейтіндер толып жүр. Тіпті еден жуушыға дейін. Есептеп қараңыз, сол тазалықшы берілетін 30 мың айлықты екі адам бөліп алып отыр. Елдегілер осыған шынымен шүкір айтады. Жетпегенін алдындағы төрт-бес қарасынан туған төлді сатып немесе балығы мен құсын аулап күнелтеді. Мектепті айтып қалдық жаңа. 9 сағатпен жүрген 20 жылдан аса педагогикалық өтілі бар мұғалімдер бар. Неге? Себебі мұғалім көп. "Әр ханның тұсында бір сұрқылтай" демекші, директор шақ келмейтін кей мектепте «бармақ басып, көз қысып» іштей болсын, сырттай болсын, бітіріп келген маманды басшы да қабылдай берген. Ал ауылдағы «осы мектепке басымды бір тығып алсам болды» дейтін осы бір жабайы түсінікті қалай жоямыз?! Әлде зейнетке кететін қартаң мұғалім мен фельдшерді аңдимыз ба?

Ержан СОЙЫРҚАС
ЖАРНАМА 26 қыркүйек 2019 г. 1 482 0