« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бірде ауылдан қалаға келген бір кейуана қатарынан самсаған дүниелік заттарды қария көзімен барлап шығып: «Мына құмырсқаша құжынаған базарда құмырсқаның көйлегі ғана жоқ екен. Одан басқаның бәрі бар» дегені бар. Расында, Құдайға сансыз шүкірлер, басымызда тоқшылық дәурен. Нені қалайсың, не кием, қандай тағам жейін демейсің, таңдауға қарай түр-түрімен жанға керектінің бәрі бар. Дегенмен, өмірін кездемемен өлшеп, адамды топшылай алмаймыз. Солай болғанымен, осынша қаптаған дүниелер ортасында адамдардың қабақтары қатулы, жүздері жабырқаулы. Сонда жүректері нені аңсайды, нені қорек етуде, жыртығын немен жамап жүр? Жалпы, баршылық адамзатқа не беруде, білеміз бе?
Жоқты бар, барды жоқ етуші Алла Тағала – барша ризықтардың Иесі! Оны адамзатқа дүние арқылы береді. Біреуге аз, біреуге көп, біреуге жеңіл не ауыр жолмен келеді. Әнімен де, сәнімен де, есіл еңбегі, арам ниеті, маңдай тері, білектегі күшімен тауып жатқандар да бар. Сайып келгенде, адам дүниені тілімен не зілімен табады.
Өрісімізде еркін өрістегенімізге отыз жыл өтті, нендей жетістіктеріміз бар? Аллаға шүкір, жеткен жерімізден тапқан табыстарымыз әлбетте баршылық. Алайда, көзге шоқтай басылатын бір ғана жайт – халықтың рухани деңгейі. Бір адамға бақандай отыз жыл – кешегі күнін бүгінімен барынша салыстырып, ара жігін анықтайтын уақыт. Өз-өзін қай жағынан болсын дамытып, отызға келген ұрпағына өзін дәлелдейтін әжептәуір мерзім. Мүмкін, елу жылда ел жаңаға салынып, бүгінгінің жемісін жиырма жылдан кейін күтетін шығар. Әйтсе де, өз ісіне бүгін есеп бере білгені дұрыс.
Қазір кімді болмасын, нені болмасын, іздеген дүниеңді әлеуметтік желіден табасың. Тек, оның пайдасынан зияны көбірек. Бір қызығы, желіге байланған жылқылардай, қолдары сәл қалт етсе, кез келген отбасы бүкіл тайлы-тұяғымен ұялы телефонға шұқшиып, алтын уақыттарын сарп етеді. Тіпті, бірін-бірі аңдыған мысық пен тышқанның алаңындай. Туыс-туған, көрші-қолаң, жекжат-жұрағат, абысын-ажын, қайын-балдыз, таныс-біліс, сыныптас-топтас, құрбы-құрдас, басшы-жұмысшы, әнші-күйші, биші-жыршы, сыншы-мінші, тағысын тағылардың жиырма төрт сағаттық ғұмыры зерттелетін жер. Өзінше сараптама беретін жаппай талдау орталығы. Ең сорақысы, жырқылдың, ғайбат пен күнәнің отаны. Ал, ондағы пікірлер – ақ ит пен көк иттің майданы. Тіптен қынжылтатыны, өмірлік бақытын жанұясынан емес, сол ғаламтордан іздейді. Отбасыда бір-бірімен шүйіркелесіп сөйлесу, құпия сырласу, әңгіме сұхбаттасу жоқтың қасы болды. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың жолын жолдаған кезіндегі ата-бабаларымыз өз әулетіне аса мән беріп, жыр айтысып, келешекті болжап, өткенін бүтіндеу үшін, бір-бірінің жүзін көруге, қабағын тануға дөңгелене молдас құрушы еді. Ал, бүгінгі біздер жеке-жеке, өз беттері, дара ой, құпияда. Сол құпия қапияда қалдыруда. Міне, отыз жылда халықтың өз бетімен өрбіген жетістік деңгейі. Сонда отыз жылда оңалмасақ, елу жылда қалай жаңарамыз? Көш жүре түзелетіні рас. Оған қанша уақыт керек өзі?
Көп түкірсе көл демекші, еліміздегі мешіт имамдары мен иманды азаматтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруда. Жағдайсызға сая жасап, көп балаға баспана тұрғызып, әл-ауқатына көмек, киер киімі мен ішер асына дейін тасып беріп жатыр. Қалай ойлайсыздар, осы тоқшылық адамдарды жалқауландырған жоқ па? Ең болмаса, өзіне өмір берген Құдай Тағалаға сол өмірін сеніп тапсырып, оған күніне бес рет иіліп намаз оқуды, шүкірлік етуді әлдеқандай зор бейнет көретін тәрізді. Халықтың санасы рухани жаңғыруды неліктен қабылдамай келеді?
Қазақтың ұлы Төле биі үш ақылды өсиет етті. Соның бірі – тапқан дүниеңмен мақтанбау. Бұл өз дәуіріндегі бір батырдың алтын пышағын жұртқа мақтана көрсеткенде айтқаны. Десек те, бүгінде бәрінің қолы майлы емес. Әрине, бай-қуатты болу немесе жұрттан озу шарт емес. Бірақ, арамызда күні бүгінге дейін мына заманауи өркениетті көрмеген жандар баршылық. Қымбат көйлек демейін, пұл шүберектің түсін көрмей, оның иісін сезбей-ақ таза ауа мен жазира даланың алақанында қаннен-қаперсіз түтінін түтетіп отырған отбасылар бар. Ал, олардың рухани тазалықтағы келелі өсімтал ұрпағының көкейінде не бар, кім біледі?
Қазір ән-сәнімен дүние табушылардың қай-қайсысы болсын, мінген көлігін, сыйға тартқан гүлін, сатып алған шүберегін елдің алдына шығарып «Менің тапқан дүнием, жеткен шыңым осы» деп, әлеуметтік желіні ұршықша иіріп отыр. Біреудің жиған дүниесіне жамандық тілеуден сақтасын. Алайда, бұл істерін кімдер көруде, ол басқаларға үлгі ме әлде күлкі ме? Ол біреуге қуаныш па әлде қайғы ма? Бұдан кімнің көңілі тасыды, кімнің жүрегі жасыды? Осы жағын неге ойламайды? Мұндайды тұрмысы төмен отбасылар да істегісі келеді. Оларға Алла бермеді, мүмкін сынағы болар, мүмкіндігі жоқ шығар. Біле білсеңіздер, бұдан жүректерге пәстік ұялауда, қызғаныш пен көреалмаушылық туындап, тағдырлар толқуда. «Менің де ән айтқым келеді», «Менің де қызым қымбат көйлек кисе екен» немесе «Менің де ұлым көлікті болсын» деген ойлар шарықтап, шаңырақтарда ойран салуда. Яғни әйелі күйеуінің, күйеуі болса әйелінің кемістіктерін бірінің бетіне бірі басып, Алла алдындағы құнсыз қалып кететін қадірсіз дүниеге еліктеуден өз берекеттерін өздері алып, жанұясының шырқын бұзып, жамандыққа бет алуда. Мүмкін кінәрат әр адамның өзінде шығар. Дегенмен, таяқтың екі ұшы бар емес пе, осындай жағдайларға себепкер болу негізінде кімге жақсы? Бәлен мыңға шаш таратып, бет жүзді әсемдету мәңгіліктің сұлулығына жатпайды. Кезінде айнаға қарап, өзінің сән-салтанатына масаттанып, мақтанып отырған әйгілі Харун Рашидке перденің артына жасырынған қызметшісі «Сіздің осы сұлулығыңыз мәңгілікке сақталса ғой» дегені бар. Ендеше, ешбір жанның көңіліне көлеңке болмаған жөн. Бұған дін шариғаты немесе үлкен даналық қажет емес. Жүректегі уыстай иман, Құдай берген сәл сана болса жеткілікті. Осы тұрғыдағы паш етілген мақтан істер Құдай дүние бергенімен, ақылдан кемдеу еткенді көрсетеді. Сонша жеңіл жолмен келген дүние сонша жеңілдікпен тарап, не тұқымына, не өзіне пайда бермейтіні өмір тарихтан айқын. Дүниесін мақтан ету, онымен елдің алдында даралану – мейірсіздік, қадірсіздік, мәдениетсіздік. Шариғат шартында бұған тыйым бар. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз қызыл-сары киім киюді және тәкаппарлықпен елден оқшауланып, өзін көпшіліктен артық санауды шайтан істері екендігін меңзеген. Халқымыздың «Жаман жегенін айтады» дегендей, имам Ғазали (р.ғ) «Адам ішкен-жегенімен мақтанса, ол адамның құны сол тағамнан шығатын нәрсеге тең» дегені бар. Мүмкін осындай еліктеу, адами қасиеттің жоғалуы, шынайы жүректердің қараюы, түкке дарымай қадірсіз болуы, басына қайғы-қасірет алып келуі, құнсыз дүниенің шарықтап кетуі қиямет белгілерінен болар. Десек те, мақтану жаман қылық. Өйткені, қазіргі заманда адамды елдің алдына шығаратын бір ауыз ән мен бір беттегі сән болып қалды. Себебі, тұқымнан тұқымға емес, көше кезген адамның таққа шығуы, елдің көзі үшін жымия суретке түсу, бай байға, су сайға дегендей, табиғаттың бұзылып, көрінген жерден су шығып, көрінген жерді ну басып, кешегі жаяу адамның бүгінде сәлем бермей қалуы қиямет белгілерінен деп түсіндіріледі.
Дінтанушы ретінде мектептерге жиі барып, ұжым қызметкерлері, оқушылармен кездесіп тұрамын. Бір кездесуде «Бұл мектептің ішінде бір әулие бар» дегенімде, баршасы оның кім екендігіне ойланып, әркім өзін топшылап, ақырында таппады. Ол дара қасиетті адам – оны ешкім елемейді, еңбегін бағаламайды, оған басшылар ұрсып, оқушылар менсінбей қарайды. Киімі қарапайым, жүзі игі, қабағында кірбің, жұмысы адал абзал жан. Оның әлеуметтік желісі жоқ, балаларында бастырмалы ең арзан ұялы телефон. Ол кім десеңіздер, еден жуушы апайлар, аналар!
Нұрлан қажы
БАЙЖІГІТҰЛЫ,
дінтанушы, имам.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |