Ең ұзақ есім

Есім – біздің азан шақырып қойған атымыз. Біз өмірге келгенде кім деп аталсақ, бүкіл өмір бойы сол есіммен өзгенің жадында сақталамыз. Адам ғұмырында оның есімінің маңызы ерекше. Аты- жөні қызық әлемде талай адам өмір сүріп жатыр. Американдық зерттеушілердің айтуынша, адамның есімі, әрі ерекше, әрі әдемі болған сайын оның өмірде жолы бола түседі. Есімге байланысты дүниенің түкпір-түкпіріндегі мынадай қызықтар барын білесіз бе?

Мәселен, египеттік бір әке өз қызына Фейсбук деп қойды. Ал, ресейлік атақты кәсіпкер, меценат Савва Мамонтов өзінің есімінің бірінші дыбыстарынан бес перзентінің есімдерін қойған. Балаларының есімдерінің бас әріптері әкелерінің есімін құрайды: Сергей, Андрей, Всеволод, Вера және Александра. Біздің халқымыз есімге бай болса, корейлерде олай емес. Оларды тегімен оңай тауып ала алмайсыз. Әлемдегі 80 миллион корейге ортақ 300 түрлі тегі бар. Ал екі не үш әріппен аталатын есімдері мыңнан асып жығылады. Сондықтан оларда аттастар кездеспейді. Көбінің тегі бірдей болғанымен, есімдері әртүрлі.

Мына бір қызық жайтты қараңыз. Квакиутль тайпасының үндістері біреуден қарызға ақша алғанда кепілдік ретінде өзінің есімін қалдырып кетеді. Ол қарызға алған ақшасын қайтарғанша оны ешкім өз атымен атамайды. Исландиялық тұрғандардың көбінің есімдері тегінсіз айтылады. Тек олар есімдерінің жанынан әкесінің атын қосады. Мәселен, Магнус Карссон–– Магнус Карлұлы, Анна Карлсдоттир – Анна Карлқызы. Ал әлемдегі ең көп қойылған әйел есімі – Анна. Олар 100 милллион болса,  Швецияда Карлсон тегін еншілеген 300 мыңға жуық адам өмір сүреді екен. Сондай-ақ, шамамен 90 млн қытайлықтардың тегі Ли деп аталады. Кейбірі оны есім етіп те өзіне еншілеп алған.

1979 жылы Пенсильванияда өмірге келген екі балаға Пепси мен Кола деген есімдер қойылғанын да біле жүріңіз. Ал Гавай аралдарының біріндегі мектепке жергілікті мейрамханалардың бірінің қожайыны қызын оқуға беріпті. Сенесіз бе, оның есімі мен тегі 102 әріпті құрайды. Қыздың аты-жөні қазақ тілінде «Гавайдың жан-жағын жұпар иіспен әрлендіретін тау мен даланың түрлі-түсті таңғажайып гүлдері» деген мағынаны білдіреді. Осындай ерекше есімді еншілеген ару сынып журналына аты-жөнін сыйғыза алмай әлекке түскен көрінеді.

 Әлемдегі ең ұзақ есім 1478 әріптен құралған. Оны оқу үшін он минут уақыт кетеді. Есімнің ішінде тарихи орындар мен танымал дипломаттардың және дінтанушылар мен ғалымдардың есімдері кездеседі. Танымал суретші Пабло Пикассо көпшілігіңізге таныс шығар. Бірақ суретшінің толық аты-жөні осы 12 әріппен шектелмейді. 93 әріптен құралған оның нағыз аты-жөні Пабло Диего Хозе Франциско де Паула Хуан Непомукено Криспин Криспиано де ла Сантисима Тринидад Руиз и Пикассо. Пикассо испандық болғандықтан мұндай шұбыртпалы аты-жөндер оларда сирек кездеспейді.

Ал бізде есімі 17 әріптен тұратын қала тұрғыны барын біреуіңіз білсеңіз, енді екіншіңіз естімеуіңіз мүмкін. Аққаракөзайымсұлу Ғабитқызы отбасындағы тұңғыш немере болғандықтан, оның есімін қоюға барлығы қызығушылық танытыпты. Ата-әжесі әрқайсысының ұсынған есімдерін жинақтап Аққаракөзайымсұлу деп атауды жөн санайды. Оны жақындары еркелетіп Қаракөз дейді. Есімі ерекше жан ұстаздық жолын таңдапты. Бүгінде еліміздің білім беру саласына өз үлесін қосып жүр.

Әзірлеген Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

ЖАРНАМА 13 тамыз 2019 г. 2 382 0